Жаңа жыл қарсаңында баспаналы болды

788 Views

«Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі, есімі елімізге белгілі меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қожалықтың автокөлік жүргізушісі, көп балалы жанұяның отағасы Қайрат Қодасовқа заманауи үлгіде салынған 8 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Аталмыш қожалықта адалдық танытып, 16 жыл бойы бел жазбай еңбек еткен Қайрат Қодасовтың бұл қуанышына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов арнайы барып, жүрекжарды лебіздерін айтты.
«Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова:
-Атамыз біздерге үнемі халықпен бірге бол, халықтың жолымен жүргін. Қазақпен бірге болсаң, жалғыздық көрмейсің. Осыны ешқашан ұмытпағын дейтін. Момышұлы шаңырағының ұстанып келе жатқан қағидасы – осы» деген екен. Дөненбаевтар әулетінің де негізгі кредосы дәл осындай десек, артық емес. Себебі пәтерге дүние мүліктерін қоса есептегенде 17 млн.теңге қаражат жұмсалыпты. Бұйыртса, дәл осындай тағы 8 пәтер салып, шаруашылықтың көсегесін көгертіп жүрген еңбеккерлерге табыстауды межелеп отырған көрінеді. «Құдай қазақты тыныштықтан айырмасын. Өйткені, елде бейбітшілік болғанда ғана, осындай қуанышты күндер болады» дейді Сайрамбай Әліқұлұлы. Ал Қайрат Қодасовпен тілдескенімізде, Сайрамбай Дөненбаев секілді білікті де қамқор басшының іскерлігін таңды таңға жалғап, айта беруге болатынын жеткізді. 5 бала тәрбиелеп отырған «Шәушен» шаруа қожалығының автокөлік жүргізушісі Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қуанышқа кенелтіп отырған Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Әліқұлұлына алғысы зор екенін айтты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: