«Электронды кітапхана» ашылды

477 Views

Тарихи оқиғалардан шыр шертетін, құнды деректерге толы, әлемнің әр түкпірінде орналасқан кітапханаларда сары майдай сақтаулы тұрған кітаптарға қолымыз жете бермейтіндігі айтпаса да белгілі. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында елімізде сан түрлі жобалар қолға алынып, ілкімді іс-шаралар сәт сайын ұйымдастырылып келеді. Солардың ішіндегі ең маңызды жобалардың бірі — «Электронды кітапхана».

«Электронды кітапхана» жобасы 2007 жылы құрылып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған болатын. Содан бері оның қорын толтыру жұмыстары айрықша жанданып, оған өңірдегі барлық кітапханалар әлі күнге дейін атсалысып келеді. Аталмыш форматтағы кітапхана жуырда Көкдөнен ауылында да ашылды. Дәлірек айтар болсақ, аты аталған ауылдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы білім ошағында «Электронды кітапхана» тақтасы орнатылып, оқушылар игілігіне пайдалануға берілді. Электронды кітапханаға интернет арқылы қосылуға болады. Оған кез-келген компьютер немесе мобильді құрылғылар көмегімен қол жеткізуге кез-келген адамның толықтай мүмкіндігі бар. Қажетті кітапты табу еш қиындық туғызбайды. Өйткені электронды кітап қоймасында қарапайым іздеу жүйесі де қарастырылған. Мұнда кітапты атауымен, авторымен, шығу мерзімі және басқа деректерге байланысты тауып алуға болады.
Мектеп оқушылары мен ұстаз­дарына дәл осындай сый сыйлап, ерекше күйге бөлеген ауыл тұрғыны, «Сұлтан би» шаруа қожалығының басшысы, кәсіпкер Қажымұрат Жаттоевқа айтар алғысымыз шексіз.

А.Утемисова,
Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: