Тұрғындардың өтініші негізсіз емес

635 Views

Аудандық қоғамдық кеңеске тұрғындар тарапынан көптеген өтініштер келеді. Келіп түскен өтініштердің дені негізсіз емес. Барлығы дерлік әділдік іздейді. Осы жерде бір айта кететін жайт, қоғамдық кеңестің жазалаушы орган еместігін елдің есіне салғанды жөн көріп отырмыз. Кеңес мүшелері келген арызды зерделеп, ақ-қарасын ажыратып береді. Күні кеше тағы бір мәселенің мән-жайын анықтадық. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы П.Сүлейменовтың атына Құлан ауылы, С.Жамбылов және Е.Қаратышқанов көшелерінің тұрғындары атынан өтініш хат келген еді. Өтініш иелері Ж.Асылбеков, Б.Ауғанбаев, Г.Нұрманбетова, Б.Жанетов, Б.Мамбетовтар ЖК «Тазалықтың» екіжақты келісім-шартсыз төлем алғанын айтып, заңдылығын анықтап беруін өтінді. Олардың айтуынша «ГазТрансАймақтың» төлем түбіртегіне «Тазалықтың» төлемін қосып жібергендіктен өз ықтиярынсыз төлеуге мәжбүр болған.
Жоғарыда аталған деректерді зерделеу мақсатында аудандық қоғамдық кеңестің кеңсесіне ЖК «Тазалық» басқарушысының сенімді өкілі София Қонарованы шақырдық. София Қалымбекқызы 2018 жылдың 16 қаңтарынан бері сенімхат арқылы ЖК «Тазалықтың» басшылық қызметін атқарып келеді екен. Ол 2019 жылдың 31 желтоқсаны күні аудандық «Құлан таңы» газетіне «Публичный договор» деген тақырыппен жарнама бергенін, онда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызметтерді көрсетуге жария келісім шарты жариаланғанын алдыға тартты. Бұлай етуге Тараз қаласындағы «Информационный центр Тараз» ЖШС-мен жасасқан келісім-шарты негіз болған. Келісім шартқа сәйкес ЖК «Тазалық» әр төлем түбіртекке он бір теңге отыз тиын төлейтін болып келіскен. Алайда бұл жағдай халыққа түсініксіз болып, даудың басы осы жерден шығып тұр.
Қоғамдық кеңестің түсіндірме жұмыстарының арқасында қазір ЖК «Тазалық» әр тұрғын үймен жеке келісім шартқа отырып, келісім шартсыз ұстаған ақшаларын халыққа қайтарып жатыр. Алдағы уақытта тұрғындар өз қоқысын шығару үшін ЖК «Тазалықпен» келісім шартқа отырған жағдайда ғана тиісті қаражатын төлейтін болады.

М.Ыстыбаев,
аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Поделиться ссылкой: