Абайды биікке көтерді
Өткен жылы аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың бастамасымен аудандық жастарға бірқатар тапсырмалар жүктелген болатын. Тіпті, аудан басшысы жастармен жеке кездесіп, олардың ойларын тыңдап, жаңа жылда атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілген еді. Бекітілген бес бағыттың бірі – ауданда туризим саласын оның ішінде экотуризмді дамыту.
Бүгінде аталмыш бағыт бойынша аудандық жастар ресурстық орталығы мамандарының бастамасымен талай ілкімді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, орталық басшысы Айбек Сәрсеханұлы бастаған топ «Туған жердің тарихы-тұнған шежіре!» атты тарихи-танымдық экспедициясының аясында өңіріміздің бірқатар тарихи жерлерін аралап, алған әсерлерін, жиналған ақпараттарын әлеуметтік желілерде бөлісіп жүр. Жуырда осы мақсатты ұстанған орталық жастары «Еріктілер» жылының басталуын және Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын негізге ала отырып, Өрнек ауылының таулы аймағында орналасқан «Дегерес шыңын» бағындыру марафонын өткізді. Ерікті жастардан құралған экспедиция мүшелері «Тянь Шань Алатауы» тау сілемінде орналасқан биік шыңға шығып, Абай Құнанбаевтың есімі жазылған жалаушаны орналастырып, өзге ауданның жастарына сәлем жолдады. Марафонға қатысушы жастардың ондағы мақсаты – қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбаевтың есімін ұлықтау әрі республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан эстафета мен марафондарға өзіндік үн қосу.
Жалпы алғанда ауданда Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында көптеген шаралар іске асырылуда. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу секілді бастамалар эстафета арқылы жүргізіліп жатыр. Тіпті, ақынның ән қоржынындағы туындыларды да аудан тұрғындары орындап, әлеуметтік желілерге орналастыруда.
Биік белестерді бағындырып, Абайды шыңға көтерген аудан жастарының бастамасына да өзге ауданның жастары үн қосады деген сенімдеміз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.