Жәрдемақы жүйесіне енген жаңа өзгерістер түсіндірілді
Көп балалы аналар мен тұрмыстық ахуалға байланысты аз қамтылған отбасы мүшелеріне мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысына енген жаңа өзгерістер мерзімді баспасөз беттерінде аз жазылып жүрген жоқ. Аталмыш жәрдемақының жаңа төлемдері туралы аудандық, облыстық, тіпті, республикалық ауқымда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Апта басында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауыл әкімдерінің және осы салаға жауапты мамандардың қатысуымен өткен алқалы жиын бұл пікіріміздің дәлдігін арттыра түседі.
Аудан әкімінің орынбасары Руслан Оразханның төрағалығымен өрбіген жиналысқа облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Марал Ділдәбекова мен Жамбыл аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Ізетқұлов арнайы келіп, тұшымды әрі дәйекті ақпараттармен бөлісті.
– Баршаңызға белгілі, биыл атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысының сипаты өзгеріп отыр. Аталмыш жәрдемақының қалай төленетіні турасында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтты. Биылдан бастап, 2002 жылдан бері төленіп келген ескі механизмге оралып отырмыз. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек отбасының жиынтық табысы жан басына шаққанда кедейшілік шегінен аспаған жағдайдағы айырмасымен сараланып, төленеді. Тұрар Рысқұлов ауданында 7 ассистент және 1 консультант қызмет атқарады. Барлығы білікті мамандар. Олар да өз кезегінде сіздерге мазмұнды ақпараттар таратып отыр деген сенімдемін. Сіздер де жергілікті тұрғындарға ауылдың әкімі ретінде шынайы мағлұмат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізулеріңіз қажет,-деді Марал Аманжолқызы.
Бұдан кейін Абай ауылдық округінің әкімі Мұрат Арыстанбеков пен Құлан ауылдық округі әкімінің орынбасары Серік Баймұратов атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы жайында өз ойларын білдірді. Өз кезегінде қойылған сұрақтарға нақты мысалдармен үн қатқан Марал Аманжолқызы жиында көтерілген пайымды пікірлерді ескеріп, министрлікке ұсыныс жолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Марал Ділдәбекова атаулы әлеуметтік көмек туралы айшықты ақпаратты ауыл тұрғындары жергілікті әкімдіктерден немесе аудандық жұмыспен қамту орталығынан біле алатындықтарын айтты.
Марат Диханбай.