Дана 3-ші рет Қазақстан чемпионы атанды

1 071 Views

Былғары қолғап шебері, жерлесіміз Дана Дидай жасөспірімдер арасында 3-ші рет Қазақстан чемпионы атанды. Ол 2019 жылы Үндістанда жалауы желбіреген Азия біріншілігінде 75 келі салмақ дәрежесінде ел қоржынына алтын медаль салған болатын.

Тәрбиеге өрілген мазмұнды іс-шара

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай жақында Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің акт залында ілкімді іс-шара ұйымдастырылды. Шараға жаралы жылдарда етігімен су кешіп, әскери қақтығыстарда ерен ерліктің үлгісін көрсете білген Ауған соғысының ардагерлері Манарбек Тлепов, Ерлік Шабеев, Самат Мақұлбаев арнайы қонақ ретінде шақырылды. Іс-шара шымылдығын мектеп директоры Нұргүл Төленқызы сөз сөйлеп, ашып берді. Ол сөзінде келген қонақтарға алғысын білдіре отырып, ерлік, батырлық турасында өнегелі сөздер өрбітті. Содан соң отты жылдарда қарға тамырлы қазақтың қайсарлығын ұқтырған Ауған соғысының ардагерлері сөз сөйлеп, жас буынға патриоттық рух жайлы мазмұнды пікірлер айтты. Оқушылар да өз өнерлерін көрсетіп, тәуелсіздік, ерлік тақырыбында шығарылған өлеңдерді жатқа оқып, ән салды. Одан кейін мектеп директоры Нұргүл Төленқызы Ауған соғысының ардагерлеріне шақыртуды қабыл алып, намыс, отанды сүю тұрғысында тұшымды сөздер айтқаны үшін және осы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра білген мектеп мұғалімдері Д.Юлдашев, А.Исаева, Ж.Оспанова, Ғ.Өмірбеков пен Ш.Тұрғанбаеваға алғысын білдірді. Іс-шара мұнымен аяқталған жоқ әрине. Шахматпен бірге көше волейболынан мектепішілік жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері анықталды. Нәтижесінде шахматтың блиц түрінен өткен оқушы қыздар арасындағы мектепішілік жарыста жүлделі III орын Аяулым Төлебайдың еншісіне жазылса, жүлделі II орын Мадина Шабденнің қанжығасында кетті. Ал Айгерім Чахарова жүлделі I орынды жеңіп алды. Ұлдар бәскесінде жүлделі III орынды Арнұр Адилхан иеленсе, жүлделі II орынды Ерасыл Бейсен жеңіп алды. Ал жүлделі I орын Әділет Ниязбаевтың еншісіне жазылды. Айта кетейік, Сейілжан Акимбековтен дәріс алатын мектеп оқушылары жақында Тараз қаласында шахматтан өтетін ұлттық мектеп лигасында бақ сынайтын болады. Ал оқушылармен ер мұғалімдер арасында көше волейболынан өткен жұптық жарыстың қорытындысы төмендегідей. Айсұлтан Әріпхан мен Ардақ Жекен жұбы жүлделі III орынды иеленсе, Бекболат Минбаев, Дархан Сапар жүлделі II орынды жеңіп алды. Арман Қалыбеков пен Жанболат Рахаттың жұбы бұл жарыстың үздігі болды. Мұғалімдер бәсекесінде жүлделі III орынды Ардақ Суюндіков пен Нұржігіт Тұрар жұбы иеленсе, жүлделі II орын Ескендір Тегешов пен Нұржан Тұрсынбаевтың еншісіне жазылды. Ахмет Молдашев және Ғалым Өмірбеков жұбы жарыста үздік деп танылып, жүлделі I орынды жеңіп алды.

Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: