Қазақстандағы қазіргі діни ахуал мәселелері

495 Views

Қазіргі таңда республика аумағында діни бірлестіктердің дамуына барлық мүмкіншіліктер қарастырылған. Еліміз қазіргі кезде көптеген мемлекеттермен саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастар орнатып, әлемдік беделі бар зайырлы мемлекеттің біріне айналды. 2019 жылы 2 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aıqyn» газеттеріне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде», деген болатын. Дін халықты тек құндылықтар тұрғысынан ғана емес, салтымен, рухани үйлесімімен де біріктіріп, өркениеттерді де байланыстырады. Тәуелсіз елімізде діни сенім бостандығы жарияланған. Еліміздегі дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекетіміздің негізгі саясатының бір бөлігі.
Ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы халықты бірлікке үндейді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», — деген бабалар ұстанымына сай әрекет етуіміз керек. Діни тұрақтылықтың болуы кез келген мемлекет үшін өте маңызды. Діни тұрақсыздықтың салдарынан, араб елдерінде орын алған оқиғалар барша әлемге сабақ болды. Араб елдерінің арасындағы ілгерішіл дамыған Сирия мемлекетінде халық жік-жікке бөлініп, қалалары мен тарихи мұралары қиратылып, әлемнің түкпір-түкпірінен лаңкестер жиналып, терроризмнің ошағына айналды. Сирияда орын алған соғыс жағдайы Орталық Азия мемлекеттеріне, оның ішінде біздің елімізге де кесірін тигізді. Азаматтарымыздың арасында Сирия мен Ирак мемлекеттеріндегі «ДАИШ» экстремистік және террорлық ұйымының қатарына қосылғандары да болды. Санасы уланып, білместікпен өзге елдегі соғыс ошағына аттанған азаматтарды елге оралту үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен «Жусан» гуманитарлық операциялары сәтті жүзеге асты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жусан» операциясының соңғы кезеңіндегі мәлімдемесінде: «Жусан гуманитарлық операциясының қорытындылары мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті» деп атап өткен.
Облысымызға «Жусан» опе­ра­циясы бойынша 9 әйел мен 20 жасөс­пірім оралды. ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, дінтану­шы мамандарымыз жоспарға сәйкес бұл азаматтармен жеке кездесу жұ­мыстарын тұрақты жүргізіп тұ­ра­ды. Соғыс ошақтарында болған азамат­тарымыз өкініштерін білдіріп, Отан мен жердің қадірін түсініп, бейбіт өмірдің, тұрақтылықтың қаншалықты деңгейде маңызды екенін анық тү­сінген. Қақтығыс аймақтарынан орал­ған азаматтарымыздың өкініштері, бас­қа деструктивті діни ағым өкілдерін ойландыратыны сөзсіз.
Жалпы, бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы діни ахуал тұрақты. Облысымызда қазіргі кезде қызмет етіп жатқан діни бірлестіктер мен филиалдардың саны – 354-ті құрап отыр. Олардың арасында, 308 мешіт және 46 шіркеу(8 православтық, 1 католиктік, 37 протестанттық және т.б.) бар. Аталған діни бірлестіктер мен филиалдар мемлекеттің заңы аясында қызмет етіп, өзара ынтымақтастық пен дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда.
Өңірдегі діни ахуалдың тұрақ­ты­­лығын сақтау бағытында, облыс әкімдігі жанындағы діни бірлес­тік­термен байланыстар жөніндегі Кеңес өз қызметін атқаруда. 2019 жылы Кеңес­­тің қызметі арқылы мемлекеттік ор­ган­дармен, діни және басқа да қоғамдық бірлестіктермен, сондай-ақ аймақ­тық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдармен өзара әріптестік қатынастар орнатылып, мақсатты жұмыстар атқарылды.
Облысымызда діни бірлестіктер басшыларының Клубының отырысы диалогтық алаң форматында өткізілуде. 2019 жылдың ішінде Клубтың 4 отырысы өтті. Басқарма әртүрлі дін өкілдері арасындағы өзара диалогты, достықты нығайту шараларына ерекше мән береді.
Сонымен бірге 2019 жылдың қыркүйек айында Жамбыл облысының бұрынғы әкімі А.Мырзахметовтың ұйытқы болуымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Елдік елге байланысты» атты облысымызда форум ұйымдастырылды. Форумда аймақ басшысы көтерілген мәселелер бойынша облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге шақырып, қатысушылар тарапынан үндеу жолданды. Форумның жалғасы ретінде ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар елдікке бастайды» тақырыбында аймақтық форум өтті. Оған жергілікті имамдар қатысып, мұсылман жамағатының білім алып, қоғамға пайдалы болуға, отансүйгіштікке, ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, адамгершілік құндылықтарға және т.б. үндеу бойынша насихаттау керектігі айтылды. «Елдік елге байланысты» форумындағы үндеуді түсіндіру бойынша әр аудан мен қалада түсіндіру топтары құрылып, өңірлерде жаназа мен астарда, тойларда ысырапшылыққа салынбау туралы есептік кезеңде 136 түсіндіру жұмыстары өткізіліп, оған 34348 адам қамтылды.
Жамбыл облысы әкімдігі­нің дін істері басқар­масы­ның ұйымдас­ты­руымен «Алғыс айту» күніне орай, ағымдағы жылдың 28 ақпаны күні Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орын­­дарда «Тимбилдинг» форматында кез­десу өткізілді. Шараға дін істері бас­қар­масының қызметкерлері мен Жамбыл облысындағы діни бірлестік өкіл­дері қатысып, қатысушылар «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенін аралап, «Облыстық өлкетану музейі», «Көркемсурет галлереясы», «Сағат стел­ласы» және «Руханият және тарих­тану орталығымен» танысты. Жиын барысында діни бірлестік өкілдері бір-бірін құттықтап, өзара татулық пен келісімді одан әрі нығайтуға уағда­лас­қан болатын.
Қоғамымызда дін қызметкерлері­нің орны ерекше. 2019 жылдың 23 қазанында ІІІ Республикалық имамдар форуымында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасын қабылдаған бо­ла­тын. Тұғырнама 7 негізгі басымдық ре­тінде имандылықты, отаншылдық­ты, білімділікті, ауызбіршілікті, еңбек­қор­лықты, мәдениеттілікті, әділдікті белгіледі. «Жеті рухани қазық» тұғыр­намасы бүгінгі қоғам үшін аса өзекті құжат. Облысымыздың әрбір мешіт имамы осы тұғырнаманы басшылық­қа алып жұмыс жасауы міндетті.
Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев үстіміздегі жылдың 10 наурызы күні өңірдегі мешіт имам­дарымен кездесу өткізді. Жиынға бас­қарма басшылары, қоғамдық және ардагерлер кеңесінің өкілдері, облыс имамдары, этно-мәдени бірлестік өкілдері және облыстағы теолог-дін­та­нушы мамандар қатысты. Аймақ бас­шысы Қордай ауданында орын алған жағдай барлығымызға сабақ болуға тиіс екендігін атап өтті. Мешіт имамдарының жастарға тәрбие беруде жіберген кемшіліктерін атап, мұндай олқылықтардың орын алуына жол бермеу үшін, тәрбие жұмыстарын жетілдіру керектігін айтты. Облыс әкімі тарапынан дін саласында орын алған бірқатар кемшіліктер аталып өтті. Басқарма бұл мәселелерді түзету жолында өз алдына міндеттер қойып отыр. Басқарма Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе, имамдарды қазақ тіліне оқы­туды қолға алуда. Мешіт имамдары – ол жамағат көшбасшысы, халықтың жол көрсетер ақылшысы. Сол себепті де халыққа дұрыс жөн сілтеу – әрбір имамның міндетті. Сонымен қатар, бір ғана Қордай ауданының өзінде 62 мешіт (ең көп мешіттері бар ауылдар: Сортөбе ауылдық округі – 13 мешіт, Масаншы ауылдық округі – 13 мешіт, Ауқатты ауылдық округі – 9 мешіт, Қарасу ауылдық округі – 4 мешіт) бар. Осы орайда, облыс азаматтары сауап­ты іс жасау ұғымын діни ғибадат үйле­рін салумен шектеп қоюға болмай­ты­нын түсіну керек. Жас ұрпақтың игілігі үшін салынған балабақша, мектеп, медресе, университет, сондай-ақ халық қажеттілігі үшін жол салу, көпір салу, аурухана салу, ауыз су тарту істері де қайырымдылыққа жатады. Себебі, мұның барлығы да қоғамның пайдасы үшін жасалып жатқан игілікті істер.
Қазақстан Респуликасы Президенті Қ.Тоқаевпен қабылданған «Бейбітшілік пен келісім» тұжырымдамасы аясында облысымызда «Діни мәселелер» тобы құрылған болатын. Аталған топ құрамына облыс әкімдігі дін істері басқармасының, Дін проблемаларын зерттеу орталығының және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілідігінің қызметкерлері енді. Тұжырымдамаға сәйкес, топ­тың мақсаты жергілікті тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға, діни ахуалды зерделеуге, проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар беруге, діни қызметкерлердің қызметіне баға бере отырып, қажеттілікке қарай оларға ротация жүргізуге және ҚМДБ қызметін бейбітшілік пен ұлтаралық келісім, патриотизм құндылықтарын насихаттауға бағытталған. «Бейбітшілік пен келісім» тұжырымдамасы аясында құрылған «Діни мәселелер» тобы 2020 жылдың 12-17 наурызы аралығында Қордай ауданы аумағында 75 іс-шара ұйымдастырып, 5326 адам қамтылды.
18 конфессия және 3 мыңнан аса діни бірлестіктер мекендейтін Қазақстан қоғамы үшін дінаралық және ұлтаралық татулық өте маңыз­ды. Тәуелсіз Қазақ елі ұлттар мен ұлыс­тардың бейбіт қатар өмір сүруіне жағ­дай жасайтын зайырлы құқықтық жүйе­де өмір сүріп келеді. Әрбір қазақ­с­тандық елдегі тұрақтылық пен бей­біт­шілікті сақтау өзінің борышы екенін естен шығармауы тиіс. Міне, жоғарыда айтылған жұмыстар шеңберінде облыстық Дін істері басқармасы өз жұ­мысын жалғастыруда. Отанымыз­дың дамуы үшін әрбір азамат аянбай ең­бек етуі керек. Сондықтан өкілеттілігі әртүрлі кез келген саладағы барша отандастарымызға үлкен жауапкерші­лік жүктейді. Әрбір азамат ұстанған дініне, тіліне, дәстүріне қарамастан ын­тымақты түрде діни тұрақтылықты сақ­тап қызмет етуі керек. Өзге елдердегі діни тұрақсыздықтың кесірінен болып жатқан келеңсіздіктерге қарап, ел дамуының бірден бір кепілі діни тұрақтылық екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Жангелді Омаров,
Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы.

Поделиться ссылкой: