Ағаш көшеттері отырғызылды
48 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Жаныңда жүр жақсы адам
Қытай ойшылы Конфуций «Мансабым жоқ деп қайғыланба, өмірден өз орнымды таба алдым ба деп қайғылан» депті. Әрине, қазір бұл сөздің мағынасы түбегейлі өзгерген. Яғни, керісінше, «өмірден өз орнымды табайын деп емес, мансабым жоқ деп қайғыланып» жүрген жандардың қатары көп өкінішке орай. Десе де, Конфуций ілімін қызметтік ұстанымына балап, атадан қалған адалдықтың туын жықпай еселі еңбек етіп келе жатқан сала мамандары жоқ емес, бар. Соның бірегейі аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлмираш Қырықбаева. Гүлмираш әпкеймен танысқанымызға 4-5 жылдың жүзі болыпты. Сөйлесіп, пікірлесіп жүріп, Гүлекеңнің жан-жақты әрі өте білімді педагогтың бірі екеніне көзім жетті. Әсіресе, хакім Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтқанда, іштей риза болғаным бар. Ахмет Қамшыбек республикалық «Абай оқуларынан» жүлделі бірінші орынды иеленген кезде қоңырау шалып, сыр бөліскеніміз әлі күнге дейін көкейімнен кетпейді. Сонда әпкей былай деп сөз өрбітіп еді:
– Маратжан, Ахметтің өнеріне қазылар алқасы риза болыпты. Бұған дейін Жамбыл өңірінен аталмыш байқауда талай дарынды оқушылар бақ сынағанымен бас жүлде алмап еді. Көбінесе, шығыс өлкесінің оқушылары топ жаратын. Ахмет сол қасаң қағиданы бұзып, бас жүлде иеленді. Таланттың аты қашанда талант екен ғой. Осылайша, Ахмет абыройымызды асқақтатты,-деді қуанышын жасыра алмай. Мен де сол мезетте шын пейіліммен қуанған едім. «Абай оқуларының» аудандық кезеңінде Ахмет Қамшыбек жүлделі бірінші орынды иеленген кезде қазылар алқасында Гүлмираш әпкей екеуіміз отырып ек. Міне, біз сенім артқан оқушының жетістігі. Менің жазып жатқаным соның бір мысалы ғана. Әйтпесе, Гүлмираш Қырықбаеваның атсалысуымен өтіп жатқан аудандық байқауды былай қойғанда, облыстық, республикалық кезеңдерден қаншама оқушы жүлдемен оралып жүргенін біз жақсы білеміз.
«Гүлмираш әпкейдің еңбегін ескеріп жатқан біреу бар ма?» деп ойлаймын кейде. Өйткені, кім-көрінгенге беріліп жатқан мақтау қағаздарының тізімінде кейіпкеріміздің аты аталып жатқанын көрмеппін, шыны керек. Ол атақ, ия болмаса марапат үшін қызмет етпейді. Мен оны да жақсы білемін, себебі кейіпкеріміз тек өз ісіне шынайы беріліп жұмыс жасайтын білікті педагог.
Әлгі «Көресіні көрмей, көрге кірмейсің» деуші ма еді, атам қазақ. Сол айтқандай, орда бұзар отыз жасқа дейін мына шыққыр көз не көрмеді десеңізші. Көреалмаушылықты, екіжүзділікті, сатқындықты, әділетсіздікті тізе берсең көп енді. Сондай сәттерде тарығасың. «Адамның адамшылығы қайда қалды?» деп налисың іштей. Жалғыз сырласар жан сол мезетте тағы да Гүлмираш әпкей. Мұқағали ақынның күллі қазақ жатқа білетін Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңі бар емес пе? Сол өлеңдегі:
– Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» -деген жыр-жолдарын оқып беретінім бар кейіпкерімізге. Поэзияны жақсы түсінетін педагог қой.
– Маратжан жігерің мұқалмасын,- деп ақын Алмас Темірбайдың «Екі аяқты қасқыр» атты өлеңіндегі:
– Күйініш боп шығады іштен күлкімде,
Ішім күйсе ұлымауым мүмкін бе?!
Ит адамға айналмайды ешқашан,
Адам итке айналады бір күнде, -деген жолдарды оқып, құлазыған пәс көңілді жұбатып еді бірер ай уақыт бұрын. Гүлекең айтқан бір шумақ өлең жолы маған жігер сыйлады. Басымды тік көтеріп жүруіме себепші болды. «Адам баласына қолыңнан келсе жақсылық жаса, сонда жасаған жақсылығың алдыңнан шығады» деген Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзін қаперден шығармай, табандылықпен еңбек етіп жүрген Гүлмираш әпкейдің болмыс-бітімі осындай алдияр оқырман. Бәзбіреулер секілді өзін мақтағанды мақұл көрмейтін кейіпкерімізбен бізді жолықтырған Сана көгіндегі түсіністік. Құдайға мың да бір тәубе деймін.
Сөз соңында:
Жуырда республикалық «Ақберен» байқауының облыстық кезеңі өтіп, бұл байқаудың аудандық кезеңінен жүлделі бірінші иеленген Шоқан Уәлиханов және Жамбыл атындағы шағын орталықты орта мектептің 11-сынып оқушылары Жәнібек Әміре мен Саламат Осалы облыста да үздік болып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл жолы да Гүлмираш әпкей қоңырау шалып, тағы да қуанышты бірге бөлістік.
Марат Диханбай.