Жүрек жылуы

464 Views

Мектепте ұстаз бала біткеннің екінші ата – анасы, болашаққа жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкіртінің бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Тәлімгер бойындағы білім мен ақыл талай тентекті жуасытып, небір ерке–шораны сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әр шәкірт өзіне үлгі тұтқан сүйікті мұғаліміне құрмет көрсетеді.
Ұстаз сөзінің ұғымы өте тереңде жатыр. Ол жақсылыққа, адамгершілікке жол ашып, өзгелерді де сол бақытқа жеткізуге, тәрбиелейді. Менің пайымдауымша шәкірт ұғымы да осыған төркіндес яғни өзі бақытты болып, ұстаз үйреткендей басқаларды да бақытты ету жолын үйрену, жақсылық жасауға ұмтылу дегенді білдіреді деп ойлаймын.
Адамды бақытқа жеткізетін жол – қайырымдылық, ізеттілік, адамгершілік деп білемін. Осы даналық жолды шәкірт бойына ұстаз қалыптастырады. Шәкірт ұстазына инабаттылық, құрмет пен ізгілік, имандылық иірімдерін сеуіп, әдеп әліппесін үйретеді. Ұстазды құрметтеудің бір белгісі бірінші оған ізеттілікпен, иіліп сәлем беру. Мектеп қабырғасында білім беріп, тәрбиелеп, Өмір деп аталатын сырлы әлемге жол көрсететін де осынау қарапайым жандардың аялы алақаны мен жүрек жылуы, парасаты мен пайымы дер едім..
Сабақ – ұстаз бен шәкірттің адами қарым – қатынасы, білімге жол ашар өмір баспалдағы. Сабақ арқылы ұстаз шәкіртінің танымдық қабілетін арттырып, ой – өрісін дамытады. Табыстың кілті- білімде. Ол — бірегей жетістіктердің қайнар көзі. Мемлекетіміз алға қойған стратегиялық бағыттардың жүзеге асуы үщін оқушы білімді және бәсекеге қабілетті болуы қажет. Әлемдік стандартқа сай жоғары деңгейде білім алуға қол жеткізу және өзімнің қалаған мамандығымның иесі болып, мемлекетіміздің дамуы үшін зор үлес қосу – менің өмірлік ұстанымым. Осы мақсатқа жету үшін заман ағымына сай, өзіме қойылатын талаптарды ойлау мен қабылдауға барынша бейімделдім.
Жоғарғы нәтижеге жеткізу үшін адамда бірнеше қажеттіліктер болады. Ол қажеттілік – жоғары деңгейде білімді игеру, танымдық қабілетті шыңдау, шығармашылық ізденіс жұмыстарын ғылыми негізде жоспарлау, оны іске асыру және қазақ , орыс , ағылшын тілдерін жетік меңгеру. Аталған қажеттіліктерді жүзеге асыруда көп еңбектендім, нәтижесінде әртүрлі деңгейдегі халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда үлкен жетістіктерге жеттім. Осындай жетістікке жетуіме Республикалық «Үздік психолог» байқауының бас жүлдесінің иегері атанған анамның және ұстаздарымның үлесі зор болды. Ұстаздардың ұстазы болған Абай Құнанбаевтың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген өсиетінен күш — жігер , ізгі тәрбие алып, білім нәрін бойыма жинақтадым.
Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануын ерекше қуанышпен қарсы алдым. Бұл заң – ұстазға көрсетілген зор құрмет. Әрқашан шәкірттерін нұрға бөлеген ұстаздардың ұлағатты еңбегі бағаланғаны қандай жақсы. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелеп жүрген ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз. Баланың титімдей де ниеттерінің жерде қалдырмай, оған өзінің жүрек жылуын беретін ұстаз еңбегі расында да керемет қой.

Дәурен Айткен,
Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы, республикалық «Зерде» ғылыми жоба байқауының жеңімпазы.

Поделиться ссылкой: