Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
ҚазҰУ-дың журфагында оқып жүрген кезімде кеңес заманында ұлтына елеулі еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың мына бір сөзін оқыған едім. Шіркін, ат төбеліндей қызметі бар адамдар осыны жүрек сүзгісінен өткізсе ғой. Жазайық. Оқып көріңіздер ендеше: «Үш нәрседен тазамын. Біріншісі – сонша жыл ел басқарғанда, біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, арым таза, екіншісі – 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін, сенбегендер архивті ақтарып көрсін, қолым таза, үшіншісі – адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза» депті Нұртас Оңдасынов.
Қай қызметте болсын жүйелі жұмыс атқарып, іскерліктің ерекше үлгісін көрсете білген Сәлімбаев Серік Тастанбекұлы халқының қалаулы, елінің елеулі азаматы болған Нұртас Оңдасыновтың өнегелі сөзін жұқамыр жүрекке тоқыған азамат. Кейіпкеріміз өзінің ең алғашқы қызметін 1980 жылы Жаңатұрмыс колхозында инженер-гидротехник болып бастаған. Содан соң 1985-1996 жылдары Жамбыл зоовет техникумында қызмет атқарған. 1996-2015 жылдар аралығында «Луговой», «Құлан тазалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын, сондай-ақ, «Жасыл Құлан» жеке шаруашылық серіктестігін басқарды. Ал 2015 жылдан бері күні кешеге дейін зейнетке шыққанша «Таза Су-2014» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын абыроймен басқарып келді. Өзі атқарған қызметтің барлығында Секең жоғарыда біз сөз еткен Нұртас Оңдасыновтың сөзін қызметтік ұстанымға балап, ұжымға сыйлы бола білді. Серік Тастанбекұлының басқасын былай қойғанда, бір ғана «Дендро» саябақтың гүлденуіне септігін тигізген еңбегінің өзі неге тұрады? Іскер әрі ұлтқа жанашыр азамат деген осындай болсайшы…
Кеше аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Серік Тастанбекұлының еңбегін ескерусіз қалдырмай, оны зейнет жасқа келуімен құттықтап, иығына қазақы оюмен әдіптелген шапан жапты. Аудан басшысы өз сөзінде Серік Сәлімбаевтың еңбекқорлығын айрықша атап өтіп, Секеңді жасқа да, жасамысқа да үлгі етіп көрсетуге лайық азаматтың бірі екенін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов те өз замандасына ізгі құрметін білдіріп, шын ниетпен ақ тілек арнады. Одан кейін ақжарма тілегін жеткізген аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов те Серік Тастанбекұлының адами болмысы жайында өнегелі сөздер өрбітті. Қоғамдық кеңестің хатшысы Жарылқасын Дидай мен аталмыш кеңестің белсенді мүшесі Әбдіқадыр Оңалбеков те өз ойларын ортаға салып, іскер азаматқа ұзақ өмір, мол бақыт, қажымас қайрат, зор денсаулық тіледі. Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қорытындылап, Серік Сәлімбаевтың құрметіне:
Белдеуің белбеудегі байлаулы болсын,
Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын,
Сонда қаумалаған ағайының кетпес қасыңнан.
Олжа тапсаң достарыңа бірдей бөліп бер,
Сонда қаумалаған достарың кетпес қасыңнан.
Жақыныңа тартпай, төрелігін әділ бер,
Сонда қаумалаған халқың кетпес жаныңнан.
Осы үшеуі кетпесе егер қасыңнан,
Бақытың кетпес басыңнан,-деген өлең- шумақтарын оқып берді.
Марат Жолдасбекұлы. Суретте: аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Серік Тастанбекұлы Сәлімбаевты құрметтеп, зейнет демалысына шығарып салып тұр. Суретті түсірген автор.