Қашықтықтан оқудың алғашқы дәрісі сәтті өтті

599 Views

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі хабардар еткен­дей, 6-шы сәуірден бастап, республика бойынша 2019-2020 жылғы оқу жылының IV тоқсанын мектеп оқушылары біртұтас қашықтықтан оқуды бастады.
Қашықтықтан оқыту процесін ұйымдастыру жұмыстары аудандағы барлық мектеп үшін қатаң бекітілген дәстүрлі кесте бойынша емес, икемді, жеке кесте бойынша өткізілген. Бұдан өзге телесабақтар, интернет-платформаларды пайдалану, пошта немесе қолма-қол қағаз тасымалдаушыларымен жіберу арқылы қашықтықтан оқыту форматы таңдалған. Аудандық білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек, аудан бойынша 39 мектепте 14 550 оқушы білім алады. Қазір 39 мектептің 13-і яғни, 8714 оқушы қашықтықтан оқуға көшсе, ал қалған 26 мектептегі 5836 оқушы «Балапан және «Еларна» телеарнасы арқылы қашықтықтан білім алады. Ата-аналардың, оқушылардың алаңдауына ешбір себеп те жоқ. Себебі жергілікті бюджет есебінен 215, аудан мектептерінен 1128 компьютер аз қамтылған отбасы балаларына таратылып, олардың сабақ оқуына барлық жағдай жасалынды. Ал қашықтықтан оқыту басталғанға дейін аудандағы барлық мектеп ұжымдары ата-аналармен онлайн-кеңес, қашықтықтан оқыту бойынша әдістемелік көмек көрсеткенін айта кеткен жөн. Сонымен, 6 сәуір күні оқушылардың арнайы кестеге сай сабақтарға белсенді қатысулары, олардың білім алу деңгейі сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері тарапынан бақылауға алынды. Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері алғашқы оқу күнінен ата-аналардың да, оқушылардың да алған әсері зор болғандығын айтады.

Марат Аятберген.

Поделиться ссылкой: