Індет өршімесін десек

597 Views

Ел ішінде: «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бар. Бір кезде қазақ халқына оба келіп, ел осы індеттен ойсырай бастайды. Обадан шейіт болғандардың жаназасына жұрт көп жиналып, марқұмдардың асында тамақ желініп, ауру азаюдың орнына бұрынғыдан да өрши түседі. Сонда халық хакім Абайға келіп ақыл сұрайды. Абай: «Бұл індеттен құтылудың бір-ақ жолы бар – жаназаға, қаралы жиынға топтанып көп жиналмаңдар. Оба бірден бірге жұғады, ас беруді де тоқтатыңдар. Сонда ғана індет тоқтайды» дейді. Ел: «Абай осылай айтты» деп дүйім жұртқа жаяды.
Өткен жылдың аяғында Қытайдан шыққан коронавирус індеті төрт айдың ішінде сонау кәрі құрлыққа да жетіп, испан мен итальян жұртын да есінен тандырып жатыр. Сондықтан жұқпалы індеттің алдын алу бойынша біздің ауданымызда қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Осыны білу мақсатымен бұрынғы санэпид станция, бүгінгі аудандық тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бастығы Самат Советұлы Өскенбаевқа бірнеше дүркін сауал қойып, сұхбатқа тарттық.
Самат Советұлы: — Иә, оныңыз рас, бұл індет күннен күнге өршіп барады. Күні кеше ғана Тараз қаласы карантинге жабылса, енді өткен түннен бастап Жамбыл облысы осындай төтенше жағдайға көшіріліп отыр. Бұрынғы аудандық санитарлық мекеме қазір екіге бөлініп жұмыс істеуде. СЭС-тің зертханасы қазір ұлттық сараптама орталығы болып қайта ашылған. Үстіміздегі жылдың 27 қаңтарында көші-қон полициясы берген мәлімет бойынша КС№4 ауысымдық лагерінде еңбек ететін 6 қытай азаматы төрт күнге өз елдеріне барып қайтып келген. Бұл азаматтар келген күннен бастап медициналық бақылауға алынды.
28-ші қаңтардан бастап аудандық орталық аурухана індеттің алдын алуға байланысты үш жаттығу сабағын өткізді. Бірінші дәріске аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісовтің өзі қатысты. Аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің бір реттік және көп реттік обаға қарсы киімдері мен құрал-жабдықтары, қордағы бетперделері мен қолғаптары тексерілді. Одан соң біздің мекемеде осы киімдерді пайдаланудың ережелерімен таныстыратын семинар-тренинг болып өтті. Дәлірек айтқанда короновирус тіркеле қалған жағдайда бізде 5000 бетперде мен мың респи­ра­тор және қажетті препараттар, залал­сыздандыру препараттары, зерттеу жинауға арналған он мың сиымдылық, 500 термометр бар екені де анықталды.
Тілші: — Жағдай көрсетіп отыр­ғандай көбіне бұл індетті сырттан яғни, көрші елдерден біздің елімізге келушілер жұқтырып алып келіп жатқанға ұқсайды. Біздің ауданы­мызға да шет елдерден келгендер бар ма? Бар болса, олар ауру-сырқаудан аман ба?
– Бұрын Ресей мен Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Дубайдан, Алматы мен Астанадан келген 12 азамат медициналық бақылауға алынған болатын. Бүгінгі таңға олардың денсаулығы жақсы, шағымдары жоқ. АҚШ-тың Флорида штатынан алғаш Мәскеуге, одан соң Алматыға келіп, медициналық карантиннен өткен Каменка ауылының азаматшасының да көңіл-күйі жақсы, одан ешқандай аурудың белгілері анықталған жоқ.
Тілші: — Наурыз айының 30-да Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігерінің шектеу шараларын енгізу туралы №3 қаулысы шықты. Осыған орай көптеген сауда орындары жұмысын тоқтатқанын білеміз. Сондай-ақ, мекемелерді залалсыздандыру шаралары жүргізіліп жатқаны туралы да айтып өтсеңіз?
Самат Советұлы: — Иә, оныңыз рас ел көп жиналатын орындар жұмысын тоқтатты. Олардың ішінде 26 құрылыс дүкені, 18 шаштараз, 68 киім-кешек дүкені, 23 бөбекжай, 40 қоғамдық тамақтандыру орны, 33 желімдеу орны мен 8 автобөлшектер сататын дүкен, 9 тігін цехы, 10 автокөлік жуу орны, 12 ұялы телефон дүкені, 4 ойын-сауық орталығы, 5 жиһаз дүкені, 2 кеңсе бұйымдары дүкені мен 6 аяқ киім жөндеу шеберханасы жабылды. Ал, жұмыс істеп тұрған 99 азық-түлік дүкені мен 11 дәріхана. «Құлан мал дәрігері» мемлекеттік мекемесі күні бүгінге дейін Құлан ауылының әкімшілік ғимаратын, Халықтық банк пен «Нұр Отан», пошта, сондай-ақ, «Ақ босаға», «Алтын сарай», «Қаракөз» сауда орталықтарын, полиция, кинотеатр, автовокзал, орталық базар аумағын залалсыздандырды. Бұл жұмыс күні бүгінге дейін екі қайтара жүзеге асырылды. Бұл жұмыс барлық 39 мектепте одан әрі жалғасын табуда.
Тілші: — Күні кеше ғана Тараз қаласы карантинге жабылып еді, енді өткен түннен бастап Жамбыл облысы карантинге жабылды. Осыған орай барлық алдын алу, сақтық шараларын күшейту жұмыстары қолға алынғанын көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп отырмыз. Сондықтан «Біз үйдеміз» деп, бүкіл Қазақстан халқына тасталған Үндеуге бір кісідей үн қосайық, ағайын! Әңгімеңізге рахмет!

Келелі сұхбатты
жүргізген тілшіміз
С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: