Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
54 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
«СOVID – 2019» вирусы аш айдаһардай араңын ашып, әлем елдерін жаулауды әлі де болсын доғарар емес. Оны жұқтырғандардың саны күн сайын ұлғайып, өкінішке орай өсіп келеді. Бір қызығы оған қауіпті дертті емес, тек өзімізді кінәлауға мәжбүр болып отырмыз. Себебі, атын атауға ауыз бармайтын індетті жеңу өз қолымызда екендігін кеш түсініп жатырмыз. Бірақ, мұның бәрі өтпелі кезең екенін ұмытпағанымыз абзал. Бойымызда күш-жігер мен саф алтындай сабырлық болса, басымызға түскен қиындықты оңай еңсеретінімізге сенімдімін.
Қауіпті дертпен күрес аяқталғаннан кейін сарапшылар әлем бойынша дағдарыс болатынына аса қатты сенімді. Осы бір көңілді күпті қылған болжамға қарамастан, мемлекет басшыларының ел аумағында құрылыс жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуін өз басым батылдыққа балаймын. Бұл қадам бір жағынан ескі нысандардың жаңаруына өз септігін тигізсе, екіншіден – табысынан айырылған азаматтарға дағдарыс кезінде қаржылық қиындықтан құтылуға мүмкіндік бермек. Бүгінде осы бағытқа бюджеттен қыруар қаражат бөлініп те үлгерді. Нәтижесінде жоспарланған жұмыстар мерзімінен бұрын бастау алып, құрылысшылар өз міндеттеріне ерте кірісті. Оны аудандағы құрылыс жұмыстары бойынша атқарылып жатқан ауқымды істерге қарап-ақ айтуға болады.
Расымен де, биыл аудан аумағында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылмақ. Бірден 8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 90-нан астам автокөлік жолдарын қайта қалпына келтіру көзделіп отыр.
Қыруар қаржы қарастырылған құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалау да аса маңызды болмақ. Осыған байланысты «NurOtan» партиясының мүшелері аудан аумағындағы құрылыс жұмыстарына арнайы бақылау жүргізетін болады. Топ құрамында бас партияның қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары және өзге де белсенді азаматтар бар.
Жуырда аталмыш партияның мүшелері білім ошақтарына барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен жақын танысты. Топ құрамында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Арыстанбеков және топ мүшелері Қайрат Мадалиев пен Батыржан Ауғанбаев болды. Олар ең алдыменен Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Каменка ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке бас сұқты. Онда «Қаратау Құрылыс — 2030» мердігер компаниясының өкілі Мейрамбек Яхияевпен тілдесіп, құрылыс жұмыстарына көз жүгіртті. Құрылысты сәуір айының 20-шы жұлдызында бастаған 60-тан астам жұмысшы біраз істі еңсерген. Қазіргі таңда қабырғаларды қыру, электр сымдарын жүргізу сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Алдағы уақытта білім ошағының шатырын, еденін ауыстыру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, білім ошағына соңғы үлгідегі есік пен терезелер қойылатын болады. Жалпы 680 оқушыға білім беретін мекеменің жөндеу жұмыстарына 137 000 000 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бақылау жүргізетін партия мүшелері жергілікті ауыл жігіттерін де жұмысқа тарту керектігін айтып, құрылыс басшысына ұтымды ұсыныс тастады. «Жұмысқа жергілікті жердің азаматтарын алуды сұранамыз. Бұл қадам – жұмыссыздыққа тап болған ауыл тұрғындарына таптырмас мүмкіндік болар еді. Сонымен қатар, сіздерде жұмысты сапалы аяқтау үшін көптеген уақыт бар. Бірақ соған қарамастан, құрылыс қарқыны бәсеңдемеуі қажет. Жауапты мамандарыңыз құрылыс жұмысын сапалы жүргізеді деген сенімдеміз» деген партия мүшелері құрылысшыларға сәттілік тіледі. Ал, құрылыс басшысы Мейрамбек Сәрсенұлы қазірдің өзінде 10-ға жуық ауыл азаматы құрылыс жұмыстарында қызмет ететінін айтып, артылған сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді.
Қанат Дәкенұлы бастаған топ мүшелері дәл осындай мақсатпен Қызылшаруа және Р.Сәбденов ауылдарында орналасқан мектептеге де барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.