Жұмыспен қамту – жастарға болашаққа жарқын жол

467 Views

Жастар — елдің даму қарқынын көрсететін белсенді көрсеткіш. Кез-келген қоғамда елдің өркениет көшіне ілесіп не артта қалғанын жастардың белсенділігінен байқауға болады. Жастық — ол ізденістің бастауы. Осы кезеңде адам өзінің күшіне сеніп, тауды да қопарып тастайтындай көрініп, барлық істе — спортта, саясатта, бизнесте болсын көшбасшылық танытады. Жастар тәрбиесімен жұмысты жақсарту, егемен еліміздің салауатты ұрпақтарын қалыптастыру — Елбасының әр Жолдауында атап көрсетілетін басты міндеттердің бірі. Болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артар азаматтары — асқақ рухты жастар десек қателеспейміз. Білімді де білікті жастар — еліміздің ертеңгі тірегі. Сондықтан да, әрқашан жастарды қолдап, олардың әрбір әрекетіне көңіл бөлуді еліміз бірінші орынға қойған.
Ел ертеңі — жастардың қолында. Сондықтан Қазақстан жастарының бәсекеге қабілетті, білімі мен біліктілігі жоғары болып қалыптасуы үшін барлық жағдай қарастырылған. «Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол — білім! Ол — еңбек!» деп Елбасымыз Н.Ә Назарбаев айтқандай, тәрбие — халықтың ғасырлар бойы жинақталған ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың қоршаған ортадағы қарым- қатынасын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру. Ал тәрбиенің негізгі мақсаты — дені сау, ұлттық сана- сезімі, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, іскер, бойында игі қасиеттер қалыптасқан адам тәрбиелеу.
Қазіргі таңда аудан бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында грант беру қолға алынған. Бұл бағытта жалпы 320 адамға 169,6 млн теңге бөлініп отыр. Бұл бөлінген қаражатты жастарға да алу мүмкіндігі бар, бұл жас кәсіпкерлерге өз аяқтарынан нық тұруға септігін тигізетін болады. Сондай-ақ, қоныс аударушылар мен оралмандар, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы табысы аз немесе көп балалы отбасылардың мүшелері мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлер болуға мүмкіндік берілген.
Одан бөлек жастардың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар­ды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу; оның ішінде жаңадан оқу бітірген жастарға өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибиесін шыңдау мақсатында, 6 ай мерзімге еңбек ақы төлей отырып, мекемелерге және кәсіпорындарға жастар практикасына жіберіп, 6 ай мерзімі өткеннен соң тұрақты жұмыстарға орналасуына жол ашу болып табылады. Осы бағытқа ауданымызға бюджеттен 95437,0 мың теңгеге 240 жасты жастар тәжірибе­сі­не жіберу жоспарланған. Бүгінгі күнге 39 жас жұмысқа жолданған.
Сонымен катар «Бастау бизнес» жобасы бойынша бизнес негіздері тақырыбында дәріс алып, төменгі пайызбен яғни 6 пайыз кепіл қою арқылы өз істерін ашу үшін шағын несие алуға болады. Биылғы жылға да Үкімет тарапынан түрлі мемлекеттік бағдарламаларға: оның ішінде. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында қомақты қаражат бөлінді. Жол картасы бойынша жөндеу, құрылыс және тағы басқа жұмыстарға орналасуына мол мүмкіндік туып отыр.
Осы орайда, жастарға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» — деген болатын. Сондықтан жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. «Сендердің білімдерің — ол сендердің еңбектеріңнің нәтижесі. Сендер өздігінен білім алуға неғұрлым көбірек еңбектенсеңдер, соғұрлым көбірек білетін боласыңдар» деп жастарға зор үміт артуда. Ауданымыздың жастарын аталған бағдарламаға белсенді түрде қатысуға шақырамын.

С.Құлманов,
Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

Поделиться ссылкой: