ТІЛ ЖАНАШЫРЫ БОЛУ – МІНДЕТІМІЗ

511 Views

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ

Тіл — мемлекеттің тірегі. Оны қадірлеу біздің басты міндетіміз. Дейміз-ау!… Дегенде де асыра сілтеп, жаттанды сөзге әбден құмартып алғанбыз. Тіпті, бойымызды сол сөздерге үйретіп, «Тіліміз ғұмырлы болуы үшін барымызды аямаймыз», «Ана тілімізді қастерлеп, барынша бағалаймыз» деп айтуға шебер-ақпыз, әйтеуір! Бірақ, марқая айтқан осы сөздеріміз тыңдырған тірлігіміз бен ісімізге сәйкес келе ме? Әй, қайдам! Сенімнен гөрі, күмәніміз басымырақ…

Тіл төңірегіндегі мәселе бүгін ғана айтылып жатқан жоқ. Сонау өткен ғасырдың 30 жылдарында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбаны болған жандар да төл тіліміз жайында кеңінен сөз қозғаған. Мәселен, Ұлт көсемі атанған Әлихан Бөкейханов «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды» деген аталы сөзін кейінгі ұрпаққа аманат ретінде қалдырған. Расымен де ел жағдайын жіті түсінбей, туған тілін толыққанды ұғынбаған азамат мемлекетті озық елдердің қатарына қосатынына сену өте қиын.

Сондай-ақ, қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. Қайран қазақтың текті ұлдары-ай! Жүрекке жететіндей, сүйектен өтетіндей қылып айтқан ғой. Шіркін! Өздеріңіз айтқан нақылдар осы сөздердің түп төркінін түсінбей, қазақ тілінің қадір-қасиетін ұғынбай жүргендердің санасына жетсе ғой.

Қазақ тілі қазақтан өзге ешкімге керек емес. Менің ойымша осыны түсінетін күн әлдеқашан жетіп қойған. Сондықтан тілді қадірлеуді өзімізден бастауымыз қажет. Кейіннен жақындарыңызға, достарыңызға, таныстарыңызға ұғындыруға тырысыңыз. Осылайша сіз «тіл жанашыры» атанасыз. Ал, тіл жанашыры болу – біздің басты міндетіміз!

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Поделиться ссылкой: