Бай ауылдың қамбасы тоқ, қайғысы жоқ

639 Views

Жиын-терін аяқталғанымен диқаншы қауым құрал-сайманын әлі жинай қойған жоқ. «Әмізедегі» қырманын астыққа толтырып алған Арылбек Қораласбаевтың ағайынды Анатолий, Владимир, Сергей, Евгений Умнихин, Еркін Сәлімбаев сынды механизаторлары қазір пар көтеріп, алдағы жылдың өнімі үшін жер жыртуға кірісіп те кеткен.
Осы ауылға – «Бай Алғабас» деп кім ат қойғанын қайдам, кім қойса да дәл тауып қойған-ау. Шындығын айту керек, егер Шәмшәбек, оның ұлы Арылбек болмаса бұл ауылды «бай ауыл» деп кім айтар еді. «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз Арылбекке арнайы айтылғандай. Егін орағы аяқталып, диқаншылар арқасын кеңге сала бастаған мезгілде аудандық мәслихаттың депутаты, екі қожалықтың – «Бай Алғабас» пен «Аянның» шаруасын шатқаяқтатпай жүргізіп жүрген Арылбек Шәмшәбекұлы Қораласбаевты әңгімеге тарттым. Шаруаға әбден ысылған ол сөзге де бір кісідей төселіп қалыпты, мүдірмей сөйлеп кетті: — Орыс ағайындар: «Балапанды күзде санайды» демей ме? Марқұм Сайрамбай Дөненбаев басқаратын «Шәушен» шаруа қо­жа­лығы кейінгі кезде тұқымдық шаруа­шылық статусын алғалы элитаға жата­тын тұқымдық бидай мен ар­паны содан алатын болғанбыз. Былтыр осы шаруашылықтан бірінші репродукциялы 180 тонна тұқым алдым. Арпаның «Бәйшешек» деген сорты 15 центнерден, ал, бидайдың «Стекловидная-24» сорты 18 центнерден өнім берді. Бір сөзбен айтқанда 2600 гектардағы астық түгелдей қырманға түсті. Науқан кезінде 7 астық комбайны мен төрт жүк машинасы кідіріссіз жұмыс істеп, бітік шыққан дәнді ысы­рапқа жібермей жинап алдық. Механизаторлардың еңбегін күзде өткізгелі отырған сабантойымызда ескереміз. Олардың барлығы істеген еңбегіне қарай сыйақы алатын болады. Біз өзіміздің 176 үлескеріміздің де дивидентін он пайыздық мөлшермен үлестіріп бердік»дейді ол.
Иә, бай ауылдың қамбасы тоқ, халқының қайғысы жоқ деуге әбден болады. Өйткені «Бай Алғабас» халқы қырманын қызылдап, қожалықтан тиеселі кеусенін алып, бір жырғап қалды. Ол да болса істің көзін тауып, көшенің көсегесін көгертіп отырған Арылбектің арқасы. Күзді жұрт қашаннан жиын-терін айы дейді. Арекеңнің қорасы қойға ғана емес қыл құйрықты жылқыға да толып келеді. Ол былтырдан бері мал бордақылау кешенін салуды қолға алған. Осы кешеннің төңірегіне 40 гектар жоңышқа еккен. Оны биыл екі рет орып, жеті мың түк тайланған көкпеңбек жоңышқа жинап алды. Қожалық басшысы бұл жерден халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салуды да ойластырып отыр. Бұл тұс ауылға жақын тұрған соң Құмарықта жоқ монша салу ойында бар.
Күзгі егіс-дала жұмыстары басталғалы Арекеңде тыным жоқ. Көлікке мініп алып бірде ойда, бірде қырда жүреді. Биыл көктем шыға Қостанайға барып екі «Есіл» астық комбайнын нақты ақшаға сатып әкелді. Қожалықта бұдан басқа екі «Енисей», үш «Эффект» комбайны тағы бар. Бес «Кировец» тракторы қазір 1500 гектарға қара пар айдауда. Бақытжан Сабырқұлұлы деген азамат «Германка» жүргізеді. Ісі тындырымды ол осы жазда екі қайтара екі орым жоңышқа шауып, мал бордақылау кешенін шөпке толтырып тастады.Арылбектің депутаттық тапсырмасы да бар. Биыл «Бай Алғабас» пен Құмарық ауылдарына тыным таппай жүріп ауыз су да, ағын су да әкелді. Алғашқы ауыл алты шақырым жерден тау суын алып отыр. Ауылда Арылбек Қораласбаев араласпайтын тірлік жоқ. Ол көктем кезінде «Құмарық-тау» ауылдық өндірістік кооперативіне екі гектар жерге жететін сарымсақтың тұқымын сонау Қордайдан сатып әкеп берді.
Елді індет жайлаған кезде де қарап жатпай жағдайы жоқ ауылдастарына көмек қолын созып, қаражат берді. Ол не істесе де, «Нұр Отан» партиясы мүшелерімен бірге ел ортасында жүреді. Халықтың қамын ойлайды. Депутат болған соң ауыл азаматтарының мұң-мұқтажын тыңдап, мәселен, ауыл мектебінің кем-кетігін жөндеп беруге де қол ұшын беруге пейіл. Әсіресе, ол ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, ауылдық округ әкімдігінің талап-тілектерін жерге тастамауға тырысады. Әсіресе, аймақтың экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының түзелуіне байланысты жиындар мен басқосуларда өз пікірін ортаға салып, шешілмей жатқан проблема болса, оны аудандық мәслихаттың сессияларына мәселе етіп қоя біледі.Ол міне, мәслихаттың үш шақырылуында да халықтың қалаулысы атанып, жұрттың аузынан түспей келеді.

С.Қожеке,
Құмарық ауылдық округі.
СУРЕТТЕ: қожалық жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Арылбек Қораласбаев комбайншы-механизаторлар ағайынды Анатолий, Владимир, Сергей, Евгений Умни­хиндер мен Найл Зимуковқа күзгі егіс-дала жұмыстарына байланысты тапсырма беріп тұр.

Поделиться ссылкой: