Кандидаттар сайлаушылармен кездесті

629 Views

Қоғамда сан түрлі мәселелер мен шешімі түйіндеулі тұрған түйткілдер өте көп. Бағымызға орай оларды шешу жолында белсенді іс-әрекет ететін азаматтарымыз да баршылық. Жуырда дәл осындай бастамашыл жандарға арналған арнайы жоба жасалды. Ол – «Nur Otan» партиясының бастамасымен ұйымдастырылып жатқан «Праймериз – 2020» жобасы. Аталмыш жобаның басты мақсаты — саяси додаларда ойын ашық айта алатын, бәсекелестікке төтеп беруге қауқарлы, әлеуметтік мәселелерді шешуге келгенде құлшынысы мен қабілеті бар мықты лидерлерді анықтау. Сонымен қатар праймериздің тағы да бір ұтымды тұсы — барлық деңгейдегі мәслихаттарда және Мәжілісте тиімді депутаттық корпус құру.
Бас партияның дәл осындай шарапаты мол шарттарын 11000-ға жуық отандастарымыз мүлт жібермей, кандидат ретінде тіркелді. Ал, оның 65-і ауданымыздың әр түрлі саласында аянбай қызмет етіп жүрген жандар. Айта кету керек, 65 үміткердің басым көпшілігі жоба талаптарына сәйкес өзін-өзі ұсынғандар. Қатысушылар қатарында білім, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы саласының мамандары бар.
Партияішілік іріктеу төрт кезеңнен тұрады. Оның алғашқы екі кезеңі өтіп те үлгерді. Тіпті, қыркүйек айының 7 жұлдызынан бастап, үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Дәлірек айтатын болсақ, кандидаттар кестеге сәйкес топқа бөлініп, әр округтерді аралап, өздері даярлаған сайлауалды бағдарламаларын жұртшылыққа кеңінен таныстыруда.
Өткен аптаның жұмасында Луговой ауылының мәдениет үйінде бір топ кандидаттар сайлаушыларға өздері әзірлеген бағдарламаларын ұсынды. Олардың қатарында Қайрат Мадалиев, Зайтуна Оразалиева сынды аудандық мәслихаттың депутаттары да бар. Сондай-ақ, мінбеге шығып сөз сөйлеген кандидаттар қатарында Айнұр Баймұратова, Бердіхан Бабасов, Айгүл Қасеналиева, Қуандық Махамбетқұлов сынды білім саласының мамандары да болды. Биыл өзге форматта ұйымдастырылып жатқан «Праймериз – 2020» жобасында жастарға да мүмкіндік берілуде. Өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды көздейтін Бахтияр Асқар, Дәурен Әбдікерім, Нұрлан Беркімбаев сынды аудан жастары да сайлаушыларға өз бағдарламаларын таныстырды.
Мәслихат депутаты Қайрат Мадалиев өз сөзінде өңірлерді өркендетуге үлкен үлес қосқысы келетінін жеткізді. Зайтуна Оразалиева болса биылғы іріктеудің форматы өзіне ұнайтындығын, дүбірлі додаға жастар да қатысатынын, олармен бәсекеге түсіп, өзінің қарым-қабілетін тағы бір мәрте сынап көргісі келетінін айтты. Ал, аудандық білім бөліміне қарасты мекеме қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова өзінің кәсіподақ саласында жинаған тәжрибесін елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсағысы келетін айтса, білім ордаларының басшылары Бердіхан Бабасов, Айгүл Қасеналиева, Қуандық Махамбетқұловтар елімізде тиімді әрі мақсаты айқын сан түрлі жобалардың бар екенін айтып, оларды орындау барысында күш-жігерлерін аямайтындықтарын мәлімдеді.
Кездесуде жастар әзірлеген баста­малар да көптің көңілінен шықты. Әсіресе, Дәурен Әбдікерімнің ауылша­руашылық және спорт салаларын дамыту бағытындағы ұсыныстары ойға қонымды болды. Жас кәсіпкер Нұрлан Беркімбаев жұмыссыздықты азайту үшін жастарды пайдалы кәсіпке бау­лып, оларға жол көрсетуге ықпал ететінін айтты. Кездесуде сөз алған Бахтияр Асқар өзінің сайлауалды бағдарламасында жастарды жан-жақты қолдауға күш салатынын, өңірдегі мәдениет пен спорттың дамуына өз ықпалын тигізуге бар күш-жігерін жұмсайтынын сайлаушылар алдында жайып салды.
Жиын соңында кандидаттар сайлаушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: