Рухани жаңғыру – дамудың даңғыл жолы

568 Views

Құдайға шүкір, бүгінде Қазақ халқының мәдени дәстүрін бүкіл әлем жұртшылығы таныды. Еліміздің сақа жазушыларының шығармалары өзге тілдерге аударылып, әлемнің маңдайалды театрларында сахналанды. Көбінің шығармашылық потенциалы шетел мамандары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Біз, неліктен ел абыройын зеңгір көкке көтеретін бірегей сала – мәдениет пен өнер деп жиі айтамыз. Мінеки, оның айқын дәлелі осы. Әрине, бұл біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген көшбасшылығы болса, екіншіден, қазіргі ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлы дала төсінде жүзеге асырып отырған салиқалы саясатының арқасы деп білемін.
Ұстаздық салада қызмет істейтіндіктен біз ұдайы сабақ үстінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ордалы ойларды тілге тиек етіп жатамыз. Себебі, Ұлт көшбасшысының мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен айқын қадамдарын көрсететін маңызды құжаттың бірі деп санаймын. Әсіресе, елімізде білімнің салтанат құруы турасында айтқан сүбелі сөздерін өз басым көбірек алға тартамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Елбасының еліне жасаған ерен еңбегін әр сөзінде мысал етіп айтып келеді.
Расымен де, мысал ретінде қарайықшы, көршілес елдердегі жағдай қандай, Қазақстанда қалай? Салыстырмалы түрде байқасақ, біздің елдің әлеуметтік тұрмыс деңгейінде ілгерілеу бар. Білім көрсеткіші де көңіл қуантарлық дәрежеде. Орта Азия елдері ішінде Қазақстанның көш бастап тұрғанын әлемдік қауымдастықта жақсы біледі. Бұған Елбасымыздың әрбір стратегиялық маңызды шешім қабылдағанынан бөлек, рухани жаңғыру негізі секілді бағдарламалық мақалалары да өз септігін тигізгені анық.
Біз, Тәуелсіздік алған осынау жылдар аралығында президенттік басқару жүйесі арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Бұған ешкімнің де күмәні болмауға тиіс. Естеріңізде болса, Азаттығымыздың 25 жылдығына арналған бәсірелі жиында Елбасы Тәуелсіз Қазақстан бағындырған белестерді мақтанышпен айтқан болатын. Бұл – 29 жыл ішінде бағындырған жетістік қана. Қазақ елінің болашағы жарқын. Яғни, еліміздің дамушы мемлекет екенін ескеретін болсақ, алдағы жылдар еншісінде бұдан да асқақ шыңдарға жететінімізге сенімім кәміл. Елдің дамуы алға қарай қадам бассын десек, ел тізгінін ұстаған азаматтармен бірге болуға тиіспіз. Сонда ғана Мәңгілік елдің мұраты айқындала түспек.

Бақыт Еркімбаева,
Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Поделиться ссылкой: