Аймақтың үздік әкімі анықталды
Жамбыл облысында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының аумақтық кезеңнің жеңімпазы анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жергілікті байқау комиссияның шешімі бойынша Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Дәкенұлы Арыстамбеков облыстың үздік ауыл әкімі атанды. Ол енді Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық деңгейдегі байқауда Жамбыл облысының намысын қорғайтын болады.
Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 25 мамырында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге үлес қосқан, жұмыста жоғары практикалық нәтижелерге жеткен үздік ауыл әкімдерін анықтауға және көтермелеуге бағытталған «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсы жарияланған болатын. Сол байқауға қатысқан 11 үміткерлердің арасынан тек 8-і бірінші кезеңнен өтіп, әңгімелесуге жолдама алған еді.
Әңгімелесу барысында өңірлік комиссия үміткерлердің сауалнамалық деректерін, «Үздік ауыл әкімі» атағына мен неге лайықпын?» эссе тақырыбының ашылуын, жеке жобалық жұмыстағы ұсыныстардың креативтілігін, мемлекеттік марапаттар мен жарияланымдардың, ғылыми атақтар мен дәрежелердің болуын, мемлекеттік қызметші әдебін сақтау бойынша әдеп жөніндегі уәкіл жүргізген және жергілікті әкім жұмысының тиімділігіне халықтың қанағаттануын өлшеу үшін және елді мекен тұрғындары арасында онлайн-дауыс беру сауалнама қорытындыларын назарға алды.
Өңірлік комиссияның шешімімен бірінші кезеңнің барлық қатысушыларының ішінен республикалық кезеңге Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылдық округінің әкімі Арыстамбеков Мұратбек Дәкенұлы ұсынылды.
Мұратбек Дәкенұлы 1965 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Абай ауылдық округінде дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, онда директорға дейін жұмыс атқарған. 1999 жылы мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын төменгі сатыдан бастап, 2010 жылы Луговой ауылдық округінің әкімі, ал 2017 жылы Абай ауылына әкім болып тағайындалған.
М.Арыстамбековтың ауылда қызмет атқарған жылдары елді мекендерде жолдардың жөндеу жұмыстары жүргізілді, электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылды. Бірқатар әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, артезиан ұңғымалары орнатылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту жобалары сәтті аяқталды. Ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту және бизнесті дамыту бойынша жобалар да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бүгінде іске асырылуда.
Короновирус пандемиясына байланысты мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қашықтықтан жұмыс жасау режиміне еш қиындықсыз көшірілген. Бүгінде Абай ауылдық амбулаториясы 1200 адамға медициналық көмек көрсетіп, науқастарға 920 000 мың теңге көлемінде дәрі-дәрмектер берілді. Сонымен қатар, ауыл әкімінің бастамасыменен елді мекендегі әлеуметтік қолдауға зәру азаматтарға қаржылай көмек көрсетілген.
Дәл осындай маңызды жұмыстарды өз деңгейінде атқарып, аймақтың үздік ауыл әкімі атанған жерлесімізді жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы уақытта байрақты бәсекеде бағы жанып, үздіктер қатарынан көрінуге тілектеспіз.
Ж.Сәдуақас.