Үміткерлер пікір алмасты

498 Views

Праймериз – бастамашыл әрі белсенді жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан болар оған қатысуға ниет білдірген кандидаттардың саны өте көп. Тіпті, кейбір аймақтарда бір орынның өзіне он сегіз адам үміткер атанған. Енді олардың арасынан ең мықты лидерді таңдап алу үшін жариялық пікірсайыс ұйымдастырылуда. Атының өзі айтып тұрғандай, кандидаттар арасындағы пікірсайыс халыққа әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, оларға сайлаушылар сан түрлі сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек, аталмыш пікірсайыс еліміздің барлық өңірлерінде өткізілуде.

Өткен жұмада дәл осындай форматтағы пікірсайыс аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде де өткізілді. Осы шараға аудан бойынша тіркелген 65 кандидаттың үштен бір бөлігі қатысты. Үміткерлер топ-топқа бөлініп, өзара пікір алмасты. Пікірсайыс барысында кандидаттарға өз бағдарламасын таныстыруға, оппоненттеріне сұрақ қоюға, қарсыластарының сауалдарына жауап беруге мүмкіндік берілді. Оған арнайы регламент те бекітілді. Дәлірек айтқанда, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруға – 5 минут, сұрақтарға жауап беру үшін – 3 минут бөлінді. Сондай-ақ, үміткерлерге пікірсайыс барысында қарсыластарының жеке басына тіл тигізуге, регламентті сақтауға, бір-бірінің сөзін бөлуге қатаң тыйым салынды. Мәдениет үйінің сахнасына орна­ласқан мінбеге алғашқы болып Дархан Бұламбаев, Шолпан Дайрабаева, Қуандық Махамбетқұлов, Зайтуна Оразалиевадан құралған бірінші топ мүшелері шықты. Кандидаттар сайлауалды бағдарламаларымен та­ныс­тырғаннан кейін кезек бойынша бір-біріне сұрақтар қойды. Мәселен, кандидат Дархан Бұламбаев алғашқы сауалын Зайтуна Оразаливаға бағыттап, өзі тұрып жатқан округте шешілмеген қандай мәселелер бар екендігіне оның назарын аударды. Оған Зайтуна Нұртайқызы Қарақыстақ ауылдық округінде әлі күнге дейін көгілдір отын мен ауыз су жүйесі тартылмағанын, мәдениет ошақтарының материалдық базасы өз деңгейінде емес екендігін, балаларға арналған спорт үйірмелерінің аздығын айтып, бірқатар мәселелердің бетін ашып берді. Осы күнге дейін аудандық мәслихаттың депутаты ретінде аталмыш мәселелерді көтеріп келе жатқанын жеткізіп, алдағы уақытта праймериз жеңімпазы атанса, осы түйткілдерді шешу жолында тартынып қалмайтынын айтты. Сұрақ қою мүмкіндігін екінші болып Шолпан Дайрабаева алды. Кандидат өзінің сауалын «Жас натуралистер станциясының» басшысы Қуандық Махамбетқұловқа жолдап, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетуін өтінді. Қойылған сауалға Қуандық Бейшенбекұлы өз бағдарламасында бұл мәселені қарастырғанын айтып, өзі басқаратын білім орталығында әр түрлі үйірмелердің бар екенін, індет өршіген шақта бүлдіршіндерді сәл болса да әр түрлі гаджеттер мен смартфондардан алшақтату бағытында көп жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, білім саласының маманы қосымша дәріс беру мекемелерінде балаларды еңбекке баулып, дала жұмыстарын үйретуді көздеп жүргенін мәлімдеді. Ал, егер де жоба жеңімпазы атану бақыты бұйырса, ауданда тағы да қосымша білім беру орталықтарын ашуға, бұрынғыдай «Аула» клубы сынды үйірмелерді қайта жаңғыртуға күш салатынын нық сеніммен атап өтті.
Өз оппоненттеріне сұрақ қою мүмкіндігін толықтай пайдаланған кандидаттың бірі – Зайтуна Оразалиева. Саясат саласында тәжірибесі мол үміткер Дархан Бұламбаевқа қай жастан бері саясатпен айналысатынын, Шолпан Дайрабаеваға еліміз үшін цифрландыру жүйесі керек немесе қажет еместігін, Қуандық Бейшенбекұлына әлеуметтік желіде қаншалықты белсенді екенін сұрап көрді. Қойылған сауалдарға қарсыластар толыққанды жауап беріп, өзара ұзақ пікір алмасты.
Бірінші топтан кейін дәл осындай форматтағы пікір алмасу төрт-төрттен құралған бес топ арасында да өткізілді. Оған қатысқан үміткерлер қатарында Қайрат Мадалиев, Гүлнар Момбекова, Рабиға Жаңабердиева, Бақтияр Асқар, Жанат Бағылбеков, Арылбек Қораласбаев, Шарапат Бабашева, Садат Бисембаев, Айдос Қойайдаров, Арман Мамырбаев, Бақыткүл Мырзалиева, Ғабит Сұлтанбаев, Қайрат Өскенбаев сынды кандидаттар бар.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: