Абырой биігіндегі ұстаз
Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмін көрмеген жан баласы жоқ шығар, сірә. Осы кинодағы Оспан Рахмановтың образы ұстаз деген мәртебелі мамандықтың ұстынын жер әлемге ұқтырып тұрғандай көрінеді маған. «Ұстаз қандай болуы керек? дегенде әркез Рахмановтың болмыс-бітімін мысалға алып, соның образын алдыға тартатынымыз да сондықтан.
Кейбіреулер «Оқушының ішкі дүниетанымын бағамдай алатын Рахманов секілді мұғалім бар ма қазір?» деуі де мүмкін. Мәселен, бізге осы сұрақ қойылған күнде тартынбастан: «Бар» деп жауап қайырған болар едік. Ол кім десеңіз, аудан аумағынан шалғай жатқан Қайыңды ауылындағы Райымбек Смаилов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін жаны мейірімге толы мұғалім Оспаналиева Қалбүбі Есенәліқызының есімін айтар едік.
Қалбүбі Оспаналиева 1988 жылы сол уақытта С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған түлектің бірі. ҚазҰУ-да тек шын дарындылар мен хас таланттардың оқитыны әу бастан белгілі. Ендеше бүгінгі біздің кейіпкеріміз де сол дарынды да қабілетті адамдардың қатарында бар деген сөз. Біз де осы Ұлттық Университеттен білім алдық. Сонда ұстаздарымыз: «Сендердің нашар журналист болуға хақыларың жоқ. Егер жаза білмесеңдер, осында талай жыл ұстаздық еткен Қалижан Бекхожин, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев секілді тау тұлғалы ағалар көрде жатып қарғайды» деп айтушы еді. Тұрсынбек Кәкішев, Алма Қыраубаевадан дәріс алған Қалбүбі әпкейдің де «нашар мұғалім» болуы санаға сыймас еді. Ол ұжым құрметтейтін сыйлы мұғалім атанды да.
Педагогикалық еңбек жолын Райымбек Смаилов атындағы орта мектептен бастаған ол өзі дәріс алған ұстаздарының аманатын ешқашан жұқамыр жүректен шығарған емес. Мінеки, аталмыш мектепте оның сабақ беріп жүргеніне табаны күректей 32 жыл болыпты. Жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі өзінің көп ізденуінің, талап қоя білуінің, мамандығыма деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп үлгерді. Айталық, Қалбүбі Есенәліқызы аудандық «Ең үздік сабақ» байқауларына қатысып, ылғи жүлделі орындарды иеленіп отырды. Ол тіпті оқушылардың танымдық және шығармашылық ізденістерін дамыту мақсатында әр оқушыға жете көңіл бөліп, авторлық бағдарлама ұсынды. «Балалар әдебиеті» деп аталған авторлық бағдарлама облыстық білім басқармасынан қолдау тауып, қазіргі таңда аймақ көлемінде таратылып жүр. «Жарқын болашақ» атты республикалық КАТЕV қазақ тілі олимпиадасында оның шәкірттері жүлделі орындарды иеленіп, ұстаз мерейін еселеді. Оқушылары ұдайы жоғары нәтижеге қол жеткізгендіктен ұлағатты ұстазға үнемі алғыс хаттар табыс етіліп отырды. Мәселен, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалған Қалбүбі әпкейдің шәкірті Айдана Лесқұл көптеген жарыстардың жеңімпазы екенін білеміз. 2015-2017 жылдар аралығында оның тағы бір шәкірті Қалжан Дөңбаев аудандық, облыстық байқауларда үздіктердің үздігі болды. 2018 жылы «Алтын тобылғы» республикалық зияткерлік олимпиадасында Қалбүбі әпкейдің Арухан Сарбасова және Талшын Қонысбай сынды шәкірттері ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жыл сайын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» байқауында да білікті педагогтың оқушылары нәтиже көрсетіп, биіктен көрініп жүр. Айталық, 2018 жылы «Ақберен» білім және өнер байқауында «Эссе жазу» номинациясы бойынша Қалжан Дөңбаев І орын, 2019 жылы аудандық, облыстық және республикалық «Ақберен» білім мен өнер байқауында «Эссе жазу» номинациясында Дана Саламат І дәрежелі диплом иегері атанды.
Бұл Қалбүбі әпкейдің шәкірттері жеткен жетістік. Сөз арасында өзі де марапаттан кем еместігін жаздық. Енді соның бірді-екілісін атап өтейік. 2019 жылы «Цифрлы Қазақстан» жағдайында үздіксіз білім беру жүйесін модернизациялау: өзекті мәселелер және шешу жолдары» атты ІІ республикалық педагогикалық оқуларында ұстазға креативтілігі үшін алғыс хатпен қоса ІІ дәрежелі диплом табыс етілді. Осы жылы кейіпкерімізге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы да табысталды. Биыл Қалбүбі Есенәліқызы ұстаздарға берілетін ең жоғары награда «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Қалбүбі әпкей бұл атаққа әлдеқашан қол жеткізуі тиіс еді. Бірақ, көке-жәкесі, тамыр-танысы бар кейбір пысықайлар ортаға килігіп, ол бұл марапаттан құр қалып қойып отырды. Әйтеуір биыл білім және ғылым министрлігі жақсы ұстаздың еңбегін бағалады-ау…
Қалбүбі Оспаналиева бүгінгі заман талабынан көріне алатын, жаңаны тез меңгеріп, өзінің жинақталған тәжірибесін ұштастыра алатын жаңашыл педагог дәрежесіне жету мақсатында Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында «Педагогикалық шеберлік» орталығы мен Кембридж университетінің білім беру факультеті бірлесіп әзірлеген бірінші деңгей бағдарламасы бойынша курстан өтті. 2018 жылы Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру» білім беру бағдарламасы бойынша оқу курсына қатысқаны да оның ізденімпаздығын көрсетеді. Өзімен сөйлескенімізде Қалбүбі әпкей: «Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақ барысында және сабақтан тыс кезде де әр түрлі іс-шаралар жүргіземін. Атап айтсақ, әйгілі ақын-жазушылармен кездесу кеші, ақын-жазушылардың мұражайына апару, оқушылардың қатысуымен Абайдың, Мұқағалидың әдеби кештері, мақал-мәтел жарыстары, конференциялар ұйымдастырылады. Негізінен іздену тақырыбым — “Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында тіл дамыту”. Бүгінде сабақ беретін сыныптарымда оқушылар білімі жоғары үлгерімге жетіп отыр. Оқушыларым мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері болып жүргенін өзіңіз де жақсы білесіз. Мақалаларым республика көлеміндегі журнал беттерінде жарық көріп жүр. Еселі еңбектің арқасында бірнеше мәрте ҰБТ-дан аудандық апелляциялық комиссия мүшесі болдым. 2018 жылы «Педагогикадағы инновациялар — Педагогике инноваций» атты республикалық ғылыми-әдістемелік журналының №11 санында авторлық материалым жарияланғаны үшін сертификат илендім. Сондай-ақ, «Эссе жазудың теориясы мен әдістемесі» атты оқушылар мен қазақ тілі пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік көмекші құрал құрастырып, авторы болған жағдайым бар» дейді сол баяғы қарапайымдылық қалпынан таймай.
Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген өнегелі сөзі бар. Осы сөзді өмірлік ұстанымына балайтын Қалбүбі Оспаналиева ұстаз ең алдымен ұлт жанашыры болуы керек деп есептейді.
Марат Диханбай.