Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
Токио Олимпиадасының жолдама иегері, жерлесіміз Әлішер Ерғали еркін күрестен Алматы қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде 97 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ол былтыр да Шымкент шаһарында өткен ел чемпионатында топ жарған болатын. Жерлесіміз бозкілемде қарсылас шақ келтірген жоқ. Өзі белдескен барлық балуандарды қоғадай жапырды десек жарасады. Жалпы Әлішер Ерғалидың 2016 жылғы Кадеттер арасындағы ел чемпионы, 2018 жылы жастар арасында да Қазақстан біріншілігінің чемпионы атанғанын біз өте жақсы білеміз. Яғни, әлгі «Тайбурылда құлыннан өскен» деген секілді, ол жас кезінен-ақ өзінің мықтылығын көрсетті. Өзі қатысқан доданың анық фавориті саналып жүрді. Ересектер додасында да оның күш-қауқары тау көтерген Толағайды көз алдымызға елестетті. Құлан жұртшылығы Әлішердің болашағына зор сеніммен қарайды. Білекті балуан жігіт еркін күрестегі алғашқы бапкері — № 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жаманбаев екенін өткен жылы газетімізге берген сұхбатында атап өткен еді. Қазіргі таңда Пернебек Беласар сынды білікті бапкердің қол астында жаттығатын Әлішер Ерғали еселі еңбек пен төккен тердің арқасында осылайша қатарынан ел чемпионатында екінші рет жеңімпаз атанып отыр. Балуанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2016 — 2018 жылғы Азия біріншілігінің күміс және қола жүлде иегері екенін аудан жұртшылығы жақсы біледі.
Еске сала кетейік, жерлесіміз былтыр Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында жүлделі V орынды иеленіп, Токио Олимпиадасына қатысуға жолдама еншілеген еді. Осы табанды еңбегі үшін оған өткен жылы Ұлттық Олимпиада комитеті белгілеген «Алтын Самғау» сыйлығының «Жыл жаңалығы» номинациясы табыс етілген болатын.
Марат Диханбай.