Әр гектардан 500 центнерден

531 Views

Карантиндік кезең басталғалы бері елімізде қанттың бағасы айтарлықтай өскенін анық аңғаруға болады. Дәл қазіргі таңда тәтті түбірден өндірілетін өнімнің бір келісі кейбір дүкендерде 320 теңгеден саудалануда. Әрине бағаның бұлайша бағамнан асуы тұтынушыларға ыңғайсыздық тудыратыны айтпаса да белгілі. Дейтұрғанымен, бұл мәселені шешу жолдары да жоқ емес, бар. Ол үшін ең әуелі өнімділікті арттырып, ауылшаруашылығының осы бір сала­сына мықтап көңіл бөлгеніміз абзал.
Дәл осындай меже мен міндетті орындауды өздеріне мақсат еткен шаруа қожалықтар көп емес. Дегенмен, өнімді өсіру кезінде кездесетін қиындықтарға қарамастан, осыған бет бұрған шаруа қожалықтар ауданымызда жетерлік. Солардың бірі – «Аққайнар» шаруа қожалығы.
Сұлукүл Дәлібаева жетекшілік ететін қожалық соңғы жылдары егін және мал шаруашылығын мықтап қолға алып, ауыз толтырып айтарлықтай жетіс­тіктерге жетіп келеді. Мәселен, биыл қожалық басшылары арпа мен бидайдың әр гектарынан 20 центнерден өнім алды. Сондай-ақ, қожалық біраз жылдан бері тәтті түбір өсірумен де айналысып келеді. Нәтижесі жаман емес, көңілге қонымды. Аты аталған қожалық биыл 95 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен екен. Жиын-терін жұмыстарын 15 күн бұрын бастаған қызылшашылар әр гектардан 500 центнерден өнім алып, табыстарын еселей түсіпті. Қожалық басшысы техника істен шығып, қол­байлау болмаса, алқап басындағы жұ­мыс жуық арада аяқталуға жақын деп сендірді. «Жалпы қант қызылшасын егу кезінде қиындықтар көп кездеседі. Солардың бірі – техниканың жетіспеушілігі. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл техника паркін сәл де болса жаңартып, лизинг арқылы «МТЗ-82» маркалы екі трактор сатып алдық. Олар қазіргі таңда шаруа қожалықтың жұмысына белсене араласуда. Қалған керекті техникаларды келісімшарт жасап, жалдап отырмыз. Биыл өнімді неғұрлым молынан алу мақсатында қант қызылшасының алқабын ұлғайтқан болатынбыз. Әзірге балтамырдан түскен түсім көңілімізден шығып тұр» деп өз ойын білдірген Сұлукүл Серікбайқызы тәтті түбірді қолына алып, қар түссе де қажымай-талмай жұмысқа белсене атсалысып жатқан қызылшашыларға дем берді. Өз кезегінде балтамыр бапкерлері өнімнің жақсы шыққандығын айтып, оны шашау шығармай жинап алуға бар күш-жігерлерін жұмсайтынын тілге тиек етті.
Расымен де біз барғанда алқап басындағы жұмыс қызу жүріп жатыр екен. Онда дәл қазіргі таңда Берік, Валерий, Билібек, Мейірхан, Бекбосын есімді азаматтар тынбай еңбек етуде. Ал Меркі ауданында орналасқан қант зауытына дайын өнімді жеткізумен Бақытбек Оразбеков, Еркін Төлепбергенов сынды жүргізушілер айналысуда. Олардың айтуынша тәтті түбірді тасымалдау кезінде еш­қандай қиындықтар туындамаған. Біз плантация басынан аттанарда тәтті түбірден мол өнім алуға қол жеткізіп отырған аққайнарлықтардың ісіне сәттілік тіледік.
Иә, ауылшаруашылығының қай саласы болмасын қиындықтар кездесетіні белгілі. Күннің ызғарына қарамастан иен далада ерен еңбек еткен диқаншыларға қарап, олардың суыққа тотыққан жүзіне еріксіз сүйсінесің. Таңданбасқа амалың да жоқ. Ең бастысы еңбектеріңіз еш кетпей, табысқа кенеліңіздер дегіміз келеді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: