«Асарлатып үй салу» – ауқымды жоба Тұңғыш Президент күніне орай асарлатып салынған жаңа үйлер пайдалануға берілді

606 Views

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған еді. Аталған жоба өңірдегі көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созу мақсатында жүзеге асырылды. Бүгінгі күні аймақтағы аудандардың барлығында дерлік аталмыш жобаға қолдау көрсетіліп, нәтижесінде әр ауылда жаңа баспананың іргетасы қаланып отыр.
Кеше Тұңғыш Президент күніне орай «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша салынған үйлердің символикалық кілті пәтер иелеріне салтанатты жағдайда табыс етілді. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық ардагерлер Кеңе­сінің төрағасы Қожайхан Бижа­нов, аудандық Қоғамдық кеңес хат­шысы Жарылқасын Дидай және Құлан ауылдық ардагерлер ұйымының төраға­сы Берік Әліпбаев Құлан ауылында пайдалануға берілген жаңа қоныстың ашылу салтанатына қатысып, пәтер иесінің қуанышына ортақтасты. Өз сөзінде аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы асарлатып үй салу қазақ халқының баяғыдан келе жатқан салты екенін айтып, жалғызілікті көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Маржан Досановаға баспананың символикалық кілтін табыстады. Одан кейін сөз сөйлеген аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов «Үлкеннің мың қуанғанынан, баланың бір қуанғаны артық» деген қарға тамырлы қазақтың нақыл сөзін айтып, осын­дай қиын сәтте ел бірлігінің мы­­­ғым болуы қажеттігін тілге тиек етті. Содан соң аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен аудандық Қоғамдық кеңес хатшысы Жарылқасын Дидай жаңа баспананың ашылу лентасын салтанатты түрде қиды.
Бұдан соң аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Қарақыстақ ауылына ар­найы барып, «Асарлатып үй салу» жо­басы бойынша салынған кезекті баспана­ның ашылу рәсіміне қатысты. Қарақыстақ ауылының тұрғыны Жек­сенкүл Молдақұлова ІІІ топтағы мүм­кіндігі шектеулі азаматша. Ол тұрған бұрынғы үй апатты жағдайда болған. Ауыл әкімдігі, ақсақалдар, кәсіпкерлер, ерікті жастар, бір сөзбен айтқанда қарақыстақтықтар ақылдаса келіп, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауылдастарына жаңа баспана салып беруді құп көрген екен. Бұл расында өте оңды әрі сауапты іс деу керек.
Мұнда да аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы осы үйдің салынуына бір үйдің баласындай ұйымшылдықпен атсалысқан ауыл тұрғындарына дән ризашылығын білдіріп, жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен құттық­тады. Өз кезегінде жаңа пәтер иесі Жексенкүл Молдақұлова да аудан әкі­мінің ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігіне айрықша тәнті екенін айта келіп, барша ауылдастарына зор алғысын жеткізді.
Айта кетейік, дәл осы күні аталмыш жоба аясында салынған үйлердің ашы­лу рәсімі Луговой, Ақбұлақ, Қора­ғаты, Тереңөзек, Ақыртөбе, Өрнек, Дін­мұхамед Қонаев және Жаңатұрмыс ауыл­дарында да өтті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: