Ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы
Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында online форматта облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, денсаулық сақтау ұйымының өкілдері және қоғам белсенділері қатысқан пленумда түрлі мәселелер көтерілді.
Ең алғаш болып сөз алған облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Солтыбаев Еркімбек Бейсембекұлы өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жағдайларға тоқталды. Соның ішінде бүгінгі күні барша әлем жұртшылығын алаңдатып отырған қауіпті кеселмен күресу барысына тоқталып, бұл бағытта облыстық ардагерлер кеңесінің аянбай еңбек етіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, келер жылы өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы туралы: «Бұл мемлекетіміз үшін аса маңызы саяси науқан. Сол үшін ел ағалары белсенді түрде ат салысуы керек. Өйткені олар елдіктің туын көтеріп, жас ұрпаққа өнегенің өрнегін көрсетеді» – деп өз ойын білдірді. Одан соң сөз сөйлеген Жамбыл облысы санитарлық-эпидемиологиялық департаменті бөлімінің басшысы Назира Құдайбергенқызы коронавирустық инфекциядан сақтану шаралары туралы толығырақ мәлімдеді. Ол өз сөзінде: «Сонымен қатар облыс тұрғындарының арасында індетті жасыру фактілері де анықталған. Бұл денсаулығымызға, өмірімізге салғырт қараудан туындап отыр. Осындай жағдайлардың орын алмауы үшін тәртіп сақшыларымен бірлесіп, тиісті шаралар қолданылып жатыр» – деді Назира Құдайбергенқызы.
А.Қамшыбек.