Ел еңсесін көтерген Елбасы

610 Views

Тұңғыш Президент күні дүниежүзіндегі өркениетті елдердің көбінде аталып өтеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік жолында жасаған жұмысы орасан зор. Дүниежүзінің саясатын, мәдениетін, білім бағытындағы алдыңғы қатарлы реформаларын қабылдады. Алпауыт елдердің экономикасын енгізді. «Күлтегін» жырында Күлтегін батырдың күллі түркі халқын тәуелсіз еткені әрі оны байлыққа кенелткені жайлы «Жалаңаш халықты тонды, Кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым, Тату елге жақсылық қылдым» деп баяндалады. Міне, осы айтылғандарды Елбасының атқарған ісімен теңестіруге болады.
Қазақ елінің тәуелсіздік алып, дербес мемлекетке айналғанына 29 жыл толады. Тар жол, тайғақ кешу кезеңін артта қалдырған азат ел ендігі кезекте тек алға ұмтылуды өзіне мақсат етіп отыр. Еліміздің жүріп өткен жолына қатысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық,» — деп ой түйген еді. Жалпы 29 жыл ішінде Қазақстан Республикасы өзінің ішкі-сыртқы саясатын қалыпқа келтіріп қана қоймай, бүкіл әлем назарын өзіне аударта білді. Ішкі саясатта еліміз демократиялық даму жолына түсіп, 1995 жылдың 30 тамызында Ата Заңын қабылдады. Өз Туымызды тігіп, теңгемізді жасап, Әнұранымызды қалықтатып, барша этностың басын ұлан-ғайыр атырапта қоса білдік. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің айшықты символы – Елордамыз бой көтерді.
Өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы тұрақты диалогтың қажеттігін Нұрсұлтан Назарбаев басқалардан гөрі терең сезіне отырып, оның белсенді жақтаушысы болды. Қазіргі таңда Қазақстанда 130-ға жуық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
Тәуелсіз Қазақстанның осындай жетістіктерге жетуі Елбасының сындарлы саясатының арқасы екенін әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат біліп жүруі тиіс. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қысқа мерзімнің ішінде геосаяси кеңістік жүйесінен өз орнын табуы, өзінің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қалыптастыруы, сыртқы саяси жүйесін құруы және сыртқы саяси стратегиясының негіздерін қалауы тиіс болды. Көптеген шетелдік және отандық сарапшылар бұл міндеттер елдегі күрделі кезеңде оны Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаруының арқасында ойдағыдай шешілді деп санайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ең жоғары деңгейде тікелей өзі орнатқан байланыстар отандық сыртқы саясаттың қалыптасуының маңызды міндеттерін шешуге көмектесті.

П.Сүлейменов,
аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Поделиться ссылкой: