Алашқа танымал азаматтың есімі ардақталса…

565 Views

«Құландағы колледжге Қазақстан­ның Еңбек Ері Сайрамбайдың есімі берілсе…» деген тақырыппен облыстық «Ақ жол» газетінің 25 қараша күнгі №138 (18935) санында жарияланған Жапар Сатылғанов ағамыздың мақала­сын мұқият оқып шықтым. Және ағамыз көтерген ұсынысты толығымен қол­дай­мын.
Кешегі күн – бүгінгі тарих. Бар саналы ғұмырын ата кәсіп мал ша­руа­шылығына жұмсап, кәсібінен нә­сіп көрген, ел құрметіне бөленген тұғырлы тұлғалардың жүріп өткен жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі, өнеге ретінде танылып келеді. Елі үшін, жері үшін аянбай еңбек етіп, өзінің туған жерінің атын ел арасына танытқан тарихта қалар тұлға Сайрамбай ағамыз еді. Ағамыздың Жарлысу ауылына жасаған игі істері өте көп. Жазып тауыса алмаспыз, сірә! Өңір экономикасының өркендеуіне қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Ер еңбегі еленді. Бірақ, амал қанша? Ағамыздың жүзеге асырар арманы, бағындырар белесі көп еді. Ендігі мақсаты ауылымыздың жастарын шаруашылыққа бейімді етіп шығаратын, ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын университет ашу болатын. Сондықтан да этнограф, өлкетанушы Жапар Сатылғанов аға­мыздың жазған ұсынысын халық болып қуана қабылдадық. Себебі, ауылы­мыздың атын елге танытқан кәсіпкер әрі мейірбан ағамыздың есімін аудандағы ордалы оқу ордасының бірі Құлан агротехникалық жоғары колледжіне берсек, расында да нұр үстіне нұр болмақ. Колледж Сайрамбай Дөненбаев есімімен аталса, құба-құп болары сөзсіз.
Елбасының «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намы­сың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мем­лекетінің нығайып көркеюі жо­лын­да жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмыт­па» деген сөзін көкейінде ұстаған Сайрамбай ағамыз қолынан келгенше жастарға жағдай жа­сады. Ауылымыздан интернат, сая­бақ ашуы – жастарға жасаған қамқорлығы деп білемін. Мектебімізге демеушілік көрсетіп, оқушыларға әрдайым көмек көрсетуден тайсал­майтын. Сайрамбай Әліқұлұлы Құлан агротехникалық жоғары колледжіне де қарайласқан. Шаруа­­сына бейім мамандарды осы ордада дайындап, оларға шәкіртақы қарас­тырып, жұмыспен қамтыған. Қазіргі уақытта бұл шәкіртақы 5 сту­дентке беріліп келеді.
Іргелі шаруамен игілікті істер атқар­ған ел ағасының бүтіндей ауыл емес, бүкіл облысқа жасаған еңбегіне, жақсылығына қайтарым ретінде осы елеулі бастаманы біз, жастар қос қолдап құптаймыз!

Азамат Амантай,
Айтқұл Шынасилов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы.
Жарлысу ауылы.

Поделиться ссылкой: