Бірқатар нысан пайдалануға берілді

489 Views

Биыл ауданда атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Оны күндегі қар­балас тіршіліктен, іске асырылған іс­терден анық аңғаруға болады. Айта кету керек, шарапаты мол іс-шара­лар­дың бірқатары Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында ұйымдастырылды. Дәлірек айтар болсақ, аты аталған мерекеде бірнеше нысан пайдалануға берілді.
Желтоқсанның 15-ші жұлдызында ашылу салтанатының легін алғаш­қы болып «Korzinka» сауда орталығы бастады. Өз өнімдерін төмен бағамен саудалауды көздеген сауда орталығы нарықта ұзақ жылдан бері жұмыс іс­теп келеді. Еліміздің әр аймағында өз дүкендерін ашқан сауда бірлестігі ен­дігіден әрі киелі Құлан жерінде де жұ­мыс атқармақ ниетте. Сонымен қатар, дүкен басшылары аудан тұрғындары­­на өнімді арзан әрі тиімді, қолжетім­ді бағада өткеруді көздеп отыр. Атал­мыш сауда орталығының ашылуы­на ау­дан әкімі Ерболат Садырқұловтың өзі қатысып, алқаптан сөреге дейін тіке­лей жұмыс істейтін дүкеннің ісіне сәт­ті­лік тіледі.
Дүкеннің ашылуынан кейін аудан басшысы Тасшолақ ауылына жол тартты. Онда дәл осы күні таза ауыз су құбыры пайдалануға берілді. Шындығын айту керек, талай жылдан бері таза ауыз суды пайдалана алмай келе жатқан ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Сондықтан да ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары аймақ және аудан басшыларына шексіз алғысын жеткізді. Жалпы құрылыс мамыр айында басталған болатын. Оған бюджеттен 391 805,0 мың теңге бөлініп, бүгінде жұмыс толығымен аяқталды. Аталмыш жобаны «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Осының арқасында енді ауылдағы 91 аулада тұратын 538 тұрғын таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Мұратбек Сванов басшылық ететін Луговой елді мекенінде де қуаныш оты лаулады. Ерболат Салқынбекұлы онда «Асарлатып үй салу» жобасы аясында салынған шаңырақты пайдалануға беріп, үй иесіне пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, аудан басшысы тұрғын үйдің салынуына өз септігін тигізге н«Жан жылуы» қайырылымдық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіповке шексіз алғыс білдірді. Ізінен өзге де атсалысқан бірқатар азаматтарға өзінің алғыс хатын табыс етті.
Түс ауа аудан басшысы Ерболат Садырқұлов Өрнек ауылына барды. Онда сапар шегуінің басты себебі жекеменшік әріптестік аясында салынған «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының лентасын салтанатты түрде қию болатын. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажетігін тапсырған болатын. Осыған байланысты қазір ауданда жыл өткен сайын бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жұмыстары дұрыс жолға қойылып, аталмыш мәселе өз шешімін тауып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде 140 балаға арналған «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасын мысал ретінде келтіруге болады. Жалпы нысанды тұрғызуға және ғимаратты жабдықтауға жеке кәсіпкер Базарбай Өскенбаев өз қалтасынан 200 миллион теңге қаражат жұмсаған. Мұнда бүлдіршіндер сан түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық бағытта өздерін шыңдауға толықтай жағдай жасалған.
Иә, осы күнге дейін атқарылған жұмыстар жетерлік. Алдағы уақыттың еншісінде де іске асырылатын әлі талай тірлік бар. Осыған қарап-ақ, жаңа жылға дейін тұрғындарға зор қуаныш сыйлайтын күндер көп болады деген ниеттеміз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: