ЖОБА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

1 013 Views

Апта басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан мектептерінің бірқатар білімді оқушылары бас қосты. Сондай-ақ, аталмыш жиынға олардың ата-аналары мен білім бөлімінің басшылары және мамандары қатысты. Аты аталған іс-шараның аудан әкімдігінің ғимаратында ұйымдастырылуы да бекер емес. Себебі, жоғарыда атап өткен оқуышыларды аудан әкімі Ерболат Садырқұлов арнайы өзі шақырған.
«Myń bala» – жыл сайын ауыл­дық жерлердегі 5 және 6-сынып оқушылары арасынан 1000 да­рын­ды баланы анықтауға, олардың құрдастарымен сәтті бәсекеге түсе отырып, еліміздің ең үздік білім ошақтарында оқуға мүмкіндік бе­ретін жалғыз жоба. Жобаның бас­ты мақсаты – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының талантта­ры мен қабілеттерін дамыту және қолдау үшін жайлы жағдайлар жасау. Айта кету керек, аталған ұлттық олимпиадаға тек ауылдық жерлерде білім алатын 5 және 6-сынып оқушылары ғана қатыса алады.
«Myń bala олимпиадасы қандай мүм­кін­дік береді?» деген сауал санаңызда тұрған болар. Ендеше шама-шарқымыз жеткенше жауап беріп көрелік. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 1000 жеңімпаз дарынды балалар­ға арналған мамандандырылған мектептерде білім алуға жолдама алады. Сондай-ақ, ұлттық олимпиадаға қатысқан әрбір оқушыға келешекте біліктілігін, дағдыларын дамыту үшін мүмкіндік беретін El Úmiti өркендеу онлайн платформасында арнайы курс тізбегі қолжетімді болады.
Былтыр сырттай және тікелей болып екі кезеңге бөлініп өткізілген олимпиадаға ауданымыздан 58 оқушы қатысып, оның 11-і аталмыш кезеңдерден іркілмей өткен. Басқа аудандардың көрсеткіштерімен салыстырғанда біздің бүлдіршіндеріміз өзгелерден екі есе жақсы көрсеткіш көрсеткен. Аталмыш мәліметті жиында алғаш болып сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова мәлімдеді. Майра Айдарбекқызы жерлестеріміздің жоба бойынша жеткен өзге де жетістіктерін атап өтіп, аудан басшысы Ерболат Садырқұловқа сөз берді. Өз сөзін «Айналайын, бүлдіршіндер» деп бастаған аудан әкімі өз қатарластарынан оқ бойы озып, дарындылар додасында дараланған оқушыларды мақтан тұтатынын жеткізді. «Бұл байқау бүлдіршіндеріміздің өз білімдерін дәлелдеуге таптырмас мүмкіндік. Оның ішінде жоба шарттары тек ауыл балаларын қолдау үшін жасалғандығы көз қуантады. Осы сәтті пайдалана отыра, аудан абыройын асқақтатқан жас жеткіншектерімізге шексіз алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, оларға дұрыс тәрбие беріп отырған ата-аналарымызға да мың алғыс. Сіздер Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған жобаның жеңімпазысыздар. Келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз жарқын, алға қойған мақсаттарыңыз айқын болсын» деп әрбір оқушыға Елбасы қоры ұсынған бағалы сыйлықтар мен жоба жеңімпазы атанғандығын растайтын мақтау қағазын табыс етті.
Жиын соңына қарай аудан басшысы оқуышылармен және ата-аналармен ұзақ пікір алмасып, естелік суретке де түсті.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: