Ауырмайтын жол ізде

701 Views

Қант диабеті (сусамыр) – ұзақ уақыт қандағы глюкозаның концентрациясының жоғарылауы және зат алмасу өзгерістерімен сипатталатын адамның эндокрин жүйесінің созылмалы ауруы.
Қант диабеті инсулинді өндіріп шығарушы асқазан асты бездерінің клеткаларын бұзатын вирусты жұқпалар арқылы пайда болады. Диабеттің дамуына ықпал ететін вирусты жұқпалар: қызамық, вирусты паротит (шошқаборық), желшешек, вирусты гепатит және тағы басқалар. Әсіресе вирусты жұқпалар қант диабе­тіне тұқымқуалаушылыққа бейім адамдарда, балалар мен жа­сөспірімдерде болады.
Әдетте қант диабетімен ауыратын адамдардың туыс­тарында осы ауру түрі жиі кездеседі. Егер ата-анасының екеуі де қант диабетімен ауы­ра­тын болса, олардың балалары диабетпен ауыру қаупі – 100%, егер ата-анасының бірі ауыр­са – 50%, ағасы немесе әпкесі диабетпен ауырса – 25%. Қант диабеті асқазан асты без­дерінің клеткаларының өз иммунды жүйесінің зақым­дануынан туындайды. Шы­нында бүгінгі күні қант диа­беті, жүрек қан тамырлары аурулары жылдан-жылға көбейіп барады. Бұның себеп-салдары жастардың қимыл-қозғалысының аз­дығы және дұрыс тамақтанбауында болып отыр. Қант диабеті үшін артық салмақ, холестериннің шамадан тыс деңгейі, қан қысымының жоғарылы­ғы, тұқымқуалаушылыққа бейімділік секілді қауіпті ықпалдар бар. Бірнеше қауіпті ықпалдардың бірігуі диабет­тің пайда болу қатерін айтарлықтай жоғарылатады. Қант диабетінің бел­гілері: қатты шөлдеу, бөлінетін зәр мөл­шерінің көбеюі, жоғары терлегіштік, салмақты жоғалту және т.б.
Кез келген дене шынықтыру бел­сенділігі инсулинге деген сезім­талдықты жоғарылатып, қандағы қант мөлшерін төмендетеді. Спорт өз денсаулығыңды сақтауға көмектеседі. Тағам талшықтарына бай тағамдар­мен, жеміс-жидектермен, бұршақ тұ­қымдастарымен, әр түрлі жаңғақ түр­лерімен, қаймақпен қоректену керек. Бұндай тағам ішек жұмысын қалыпқа келтіреді, холестерин мөлшерін азай­тады, артық салмақтың төмендеуіне әсер етеді, қандағы қант мөлшерін бақылауда ұстайды. Дәнді дақылдар қан қысымын қадағалауға және қант диабеті белгілерінің пайда болуын тежейді. Нан, макарон және басқа да ұн өнімдерін сатып алар алында қорабында «Тұтас дәндер» деген жазбасы бар өнімдерді алған дұрыс. Темекі шегуден бас тартыңыз. Қант диабетінің негізгі себептерінің бірі күйзеліс пен уайым болып табылады. Егер адам өзін темекі шегумен жұбатуға тырысса, керісінше бұл жағдайды қиындатады, ағзаның төзімділігі төмендеп, қант диабетінің дамуы үшін қолайлы жағдай тудырады. Егер адам қант диабетімен ауыратын болса, шылым тек ауру үдерісін кү­шейтіп және ауруды асқындырады (жүрек-қан тамырларының аурулары, инфаркт, қан ұюы). Артық салмақ қант диабетінің өршуіне әкеліп соғады.
Денсаулықтан артық ештеңенің жоқ екендігі, денсаулықты ақшаға сатып ала алмайтындығың бесене­ден белгілі. «Тәннің саулығы – жан­ның саулығы» демекші егер тәнің сырқатсыз болса, жаның да жайлы өмір сүреді емес пе?! Білуімізше, жапондықтар «Көп ауыратын адам мәдениетсіз адам» деп топшылайды екен. Яғни, өз денсаулығына салғырт қараған адам аурушаң келеді деген сөз. Осы орайда ата-бабамыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Ауырмайтын жол іздеу үшін ең алдымен салауатты өмір салтын ұстануымыз қажет.

К.Байтелиева,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің №9 МӘС бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: