Кеңейтілген отырыс өтті
11 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы елдің дамуына, әл-ауқатының өсуіне ерекше әсер еткен бағдарлама болып тарихта қалатыны ақиқат. Себебі, осы бағдарлама аясында талай толайым тірліктер атқарылуда. Әсіресе, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Туған жерге туыңды тік» акциясына үн қосып, алыстан ауылын іздеп келіп, қолдан келгенше көмегін көрсеткен жандардың қатары күннен күнге толыға түсуде.
Елбасы өз мақаласында қазақ халқы «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпағандығын, сондай-ақ, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа деген сүйіспеншіліктен басталатынын ерекше атап өткен еді. Елбасы дүйім жұртқа «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсына отырып, оның ерекшеліктеріне тереңірек тоқталған болатын. Елбасы өз мақаласында:– «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени -генетикалық кодының негізі, — деген болатын.
Жоғарыда біз мысал ретінде келтірген Тұңғыш Президентіміздің сөзін қаперіне қазық қып қағып алған қайырымды жандар жетерлік. Солардың қатарынан ауданымыздың азаматтарының да көрінуі көз қуантады. Құрылғандарына екі жыл ғана болса да, талай тірлікті аяғына жеткізген қордың бірі – «Жан жылуы». Осы күнге дейін Луговой ауылына мешіт соғып беріп, мұқтаж жандарға қол ұшын созған қайырымдылық қорына Жәнібек Жүсіпов есімді азамат жетекшілік етеді. Жуырда Жәнібек бастаған 400-ге жуық қор мүшелері төрт бірдей отбасыға баспана сыйлап, Тәуелсіздік күні қарсаңында тарту етті. Баспаналы болған жандармен аталмыш қуанышты бөлісу үшін тоғыз жолдың торабында орналасқан Луговой ауылына біз де бардық. Жасырып қайтеміз, «Жан жылуы» жасаған жақсылыққа көз тастап, еріксіз қайран қалдық! Осы жылдың мамыр айында құрылысы басталған төрт бірдей үй бір-біріне жапсарлас салынған. Әр отбасына үш бөлмеден бұйырған үйде барлық жағдай жасалыпты. Тіпті, көгілдір отын мен ыстық су да ішке кіргізілген. Бөлмелердің барлығы соңғы үлгіде жабдықталып, әрлеу жұмыстары сапалы жүргізілген. Бір қуантарлығы, құрылыс жұмыстарына ауыл жастарынан құралған еріктілер барынша атсалысқан. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге қайырылымдық қорының жетекшісі Жәнібек Жүсіпов баяндап берді: «Қазақта «Көп түкірсе – көл» деген тәмсіл бар ғой. Сол секілді бұл бір адамның күшімен бітетін тірлік емес. «Ыңғайы келсе, атымызды атап өтпеші» деп өтініш жасаған қайырымды жандар бар еді. Соған қарамастан, жақсылық жасауға әзір жандардың есімдерін атап өтпеске болмас. Мәселен, бізге құрылыс заттарын саудалайтын дүкендердің көмегі көп тиді. Солардың бірі – «Арнат» құрылыс дүкені. Сондай-ақ, ауыл жастарының, аудан және жергілікті әкімдіктің тигізген көмегі көп. Бұл қатарда кәсіпкерлер де баршылық. Бірі келіп терезесін орнатса, екіншісі есіктерін орнатып беріп жатты. Ал ауыл жастары ортадан қаржы жинап, үйдің шатырын жабуға көп көмек көрсетті. Әрдайым қасымызда болып, атсалысқан әрбір жанға баспана иесі атанған жандардан және өзімнің атымнан шексіз алғысымды білдіремін» деп аты аталған тұрғын үйлердің аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында салынғанын атап өтті. Сонымен қатар, Жәнібек Жалғасұлы үйлердің кілті аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, жетім қалған жандарға беріліп жатқандығын тілге тиек етті. Тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Жандос Ордабаев, ауыл әкімі Мұратбек Сванов, орталық мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев, Алматы қаласынан арнайы келген орталық мешіттің наиб имамы, дінтанушы Ермек Көкрекбаев және эстрада жұлдыздары Ерболат Төлегенов пен Жасұлан Базарбаев қатысты. Аты аталған азаматтардың барлығы да салтанатты жиында сөз сөйлеп, шаңырақ иелеріне үйдің символикалық кілтін табыс етіп, жүрегі жомарт Жәнібектей ұлды дүниеге әкеліп, дұрыс тәрбие бере білген әкесі Жалғас пен анасы Зиядаға шексіз алғыстарын жеткізді. Өз кезегінде келген қонақтардан өз үйлерінің кілтін салтанатты түрде алған тұрғын үй иелері де Жәнібектің ата-анасына ауыл жастарын бір шаңырақ астына ұйыстыра алатын, жоқтан барды қиыстыра алатын көшбасшы ұл тәрбиелеп өсіргендігі үшін шексіз ризашылықтарын білдірді. Расымен де, Жәнібекпен тілдесу барысында біз оның бойынан ата-анаға деген құрметті байқадық. Тек өзінің ғана емес, өзгелердің де ата-анасына деген құрметі шексіз. Оған мына бір сөзі айқын дәлел бола алады. «Білесіз бе, әке-шешем «Атаңның емес, адамның баласы бол» деген сөзді жиі айтып отырады. Бала кезімізден бастап осы сөзбен тәрбиелеп өсірді. Сондықтан болар, қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмектесуге дайын тұрамын. Бірақ, Аллаға шүкір мен жалғыз емеспін. Қасымда дәл өзімдей ойды берік ұстанатын көптеген бауырларым бар. Жақсылық жасаудан жалықпайтын «Жан жылуы» қайырылымдық қоры мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта тағы да бірнеше отбасының қуанышына себепкер болғымыз келеді» деп алдағы жоспарларымен де бөлісті. Иә, көп біріксе, алынбайтын қамал жоқ. Сонау ата-бабамыздан мирас болып бүгінгі күнге дейін жеткен «Асарлатып үй салу» дәстүрін қайта жаңғыртып, қолға алу дер кезінде іске асырылған баянды бастама деп білеміз. Осынау жоба аясында биыл аймақ бойынша 117 үйдің іргетасын қалау жоспарланған. Оның біразы бүгінгі күнге дейін пайдалануға беріліп те үлгерді. Жүрекке жылу сыйлайтын дәл осындай форматтағы бастамалар көп болса нұр үстіне нұр болар еді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.