Ардагерлердің денсаулығы – басты назарда
Жуырда аудандық кітапхананың коворкинг орталығында ардагерлердің қатысуымен шағын жиын өтті. Барлық санитарлық талаптар сақталған жиынға аудандық орталық аурухана мен ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты. Жиын барысында ардагерлерге жасалған жағдай, олардың денсаулығын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
Бірден айта кетейік, елімізде ғана емес, әлем бойынша өршіген індеттің кесірінен биыл ардагерлерге лайықты түрде қызмет көрсетуге мүмкіндік болмаған. Оны жиын барысында аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Рымбала Естемесова мәлімдеп, осындай мәндегі олқылықтардың орын алғанын да жасырмады. Дәрігердің айтуынша аталмыш келеңсіздіктің орын алуына еліміздің бас санитарының қарттарға байланысты қаулысы, сондай-ақ, мамандардың жетіспеушілігі қатты әсер еткендігін жеткізді. Жиында әріптесінің сөзін қостай кеткен Гүлзат Үкібаева да мамандардың жетіспеушілігінен жыл басында жоспарланған жұмыстардың бірқатары орындалмай қалғанын сөз етіп, оған кедергі келтірген бірнеше факторды атап өтті. Бірақ та қос дәрігер де осыған қарамастан, ардагерлерге арнайы құрылған мобильдік топтардың көп көмегі тигенін жеткізді. 65 жастан асқан азаматтарға сыртқа шығуға шектеу қойылғанына байланысты мобильдік топтардың мамандары үйден қызмет көрсеткенін атап өтті.
Жиын барысында бірқатар басшылар қысқаша баяндама жасады. Мазмұнды әрі дәйекті мәліметтерді баяндаған басшыларға Базарбай Жаңқабаев, Бейсенбай Таңбаев секілді ақсақалдар тарапынан сан түрлі сауалдар қойылды.
Кездесу соңына қарай аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен ардагер Тілеубек Барлыбаев әрбір сала кемшіліксіз болмайтынын атап өтіп, індет өршіген шақта ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батырларына айналып үлгерген ақ халатты абзал жандарға шексіз алғыстарын жеткізіп, жиынды қорытындылады.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.