Жеңістің ерлігі ешқашан ұмытылмайды
Ерлікті дәріптеу, ер ісін құрметтеу – абырой арқалаған елдің ырысы. Осы орайда жақында Луговой станциясының желілік полиция қызметкерлері қылмыскерді құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестері Жеңіс Жанадилов Үмбетбайұлын еске алды. Жансебіл жан Жеңіс Жанадилов 1996 жылдың 16 қыркүйегінде қауіпті қылмыстық топтың мүшелерін ұстау барысында жанқиярлықпен қаза тапқан еді. Осы қайғылы оқиғаның хабары халық арасына тез тарап, батыл жүрек Жеңістің орны толмас қазасына мұқым елдің қабырғасы қайысты. Міне, арада 24 жыл өтті. Ширек ғасырға жуық. Осы уақытқа дейін Жеңіс Жанадиловтың есімін ел есінен шығармай, жаңғырту үшін жыл сайын еске алу шаралары өтеді. Биыл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Луговой станциясының желілік полиция бөлімі осы бағытынан танбай, Жеңіс Үмбетбайұлының ата-анасына сый-құрмет көрсетіп, жан жүрегіңді тебірентер тағылымды сөздерін арнады. «Ерлік істер ешқашан ұлт санасынан өшпейтіні мәлім. Бұл тұрғыдан алғанда Жеңіс Жанадиловтың қайтпас қайсарлығын біз ұмытпауға тиіспіз. Менің ойымша, ол өмірге елінің тыныштығын қору үшін келді және осы жолда өз міндетін атқарып кетті. Бұл оның қаһармандығының белгісі. Осы бір жаужүрек жан Жеңістің ерлігін жас ұрпаққа үлгі етіп, патриотизмге тәрбиелеуге барынша ат салысайық. Себебі, ол бейбіт күннің батыры» – деді Луговой станциясы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Е.Абдраманов. Өз кезегінде кішілік танытып, ұлдарының есімін ардақтап, ізгі ниетін білдіріп келген Луговой желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне Жеңістің ата-анасы ризашылықтарын жеткізіп, ақ батасын берді.
Ақымет ҚАМШЫБЕК.