Хакім Абай – даналық феномені

587 Views

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау идеясын жүзеге асыру шеңберінде және ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 8-11 сынып оқушылары арасында «Абай әлемі» атты шығармашылық байқауы өтті. Аталмыш байқау аудандық, облыстық, республика­лық деңгейде жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Бұл байқаудың мақсаты – хакім Абайдың ақындық болмысына терең үңілуге, оның шығармашылық өмірінен мол өнеге алып, өмірде қолдана алуға бағыттау, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Осы мақсат жолында жұмыла білген жас өрендер білім бәйгесінде барын салды. Жамбыл облысынан байқаудың республикалық кезеңіне 12 оқушы жолдама алған жайы бар. Олар «Жүрегімнің түбіне терең бойла…», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» номинациялары бойынша бақ сынасты. Байқау онлайн форматта өтті. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» ақындар мүшәйрасы бағытында өнер көрсеткен кіл мықтылардың өрелі өлеңдері қазылар алқасының оң бағасына ие болды. Солардың ішінде аудан мақтаныштары да өз есесін жібермей, бар білімдерін ортаға салды. Жамбыл орта мектебінің 8 сынып оқушысы Дәулет Тынышбек ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, өзіндік шығармашылық қабілеті­мен ерекшеленген Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Ару Абусерікқызына алғыс хат табыс­талды.
Осы бір бәсекелестігі жоғары бай­қауға мен де қатыстым. Жиған біліміміз тек кетпей, байқау қорытындысында «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталдым.
Қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза: «Егер әркім Абай арқылы ақылына ақыл қосса; көз нұрына нұр қосылса; сезімін байыта түссе; жан дүниесін, рухани әлемін рахымдандыра берсе – шіркін, онда арамдық, арызқойлық, қызғаныш, тәкаппар-тақастық, өтірік-өсек, жалақорлық, тағы не бар – барлық жағымсыз қылық арамыздан әрқашан аласталар еді», –дейді. Жоғарыда аталған жаман қасиеттерден арылудың жолын Абай көрсетеді. Шерхан Мұртазаның осы сөзі мен хакім Абайдың өлеңдерін оқып, санасында саралаған жан­ның тағылымды тәлім-тәрбие алатыны анық.

Елнұр НҰРДОСҰЛЫ,
Абай атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: