Үгіт- насихат жұмыстары қарқынды жүруде

1 071 Views

Сайлаудың өтуіне санаулы күндер қалды. 10 қаңтарда қазақ елі тағы бір үлкен тарихи таңдау жасап, саяси өміріміздегі дамуымыздың даңғыл жолын айқындайды. Осыған байланысты біздің тілшіміз «Nur Otan» партиясы аудандық Тұрар Рысқұлов филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Тұрар Рысқұлов аудандық сайлауалды штабының төрағасы Қанат Арыстанбековтен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының барысы жөнінде аз-кем тілдескен еді.

– Қанат Дәкенұлы, сай­лауалды үгіт-насихат жұмыс­тары қалай жүріп жатыр?
– Бүгінгі таңда сайлауал­ды үгіт-насихат жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Ауда­нымыздан облыстық мәслихат депу­таттығына 3, ал аудандық мәс­лихат депутаттығына 28 кан­дидат бар. Барлығы да «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағ­дарламаларын халыққа кеңі­нен жеткізу мақсатында ауыл-ауылдарда үгіт-насихат жа­сап жүр. Бұл жұмыстардың барлығы біздің алдын ала жос­парланған жүйелі кестеге сәйкес түрлі форматта күнделікті өткізілуде. Қазіргі жағдайды бәріңіз көріп-біліп отырсыздар. Бүкіл әлем жұртын алаңдатып қойған пандемия біздің өмірімізге де өз ережелерін енгізіп, белгілен­ген шектеулерін шегелеп жа­тыр. Яғни, бұрынғыдай ха­лықты көп жинап, арқа-жар­қа әңгі­мелесіп отыруға мүм­кін­дік жоқ. Дегенмен, қатар оты­рып сұхбаттаса алмасақ та, технологияның дамыған зама­нында қолымыздағы теле­фон­мен-ақ еш кедергісіз, кез келген жанмен онлайн-кездесу ұйымдастыра аламыз. Бүгінде біздің сайлауалды насихат жұ­мыстарын жүргізу кестемізге сәйкес «Кандидатқа сұрақ қой» акциясы көбіне-көп осы онлайн-кездесулер түрінде әлеуметтік желі­лердің тікелей эфирі мен видеоконференцияларға арнал­ған қосымшаларда өт­кі­зіліп келеді. Сайлаушылар сұрақ­тарын еш кедергісіз қойып, ұсы­ныс-тілектерін жеткізіп жа­тыр. Яғни мұнда туындайтын қиындық жоқ.
– Онлайн-кездесулерге тоқ­талып өттіңіз, ал қазіргі каран­тин режимінде бетпе-бет кезде­сулер қалай өтуде?
– Әрине, адамның өмірі мен денсаулығы біз үшін қым­бат. Сондықтан қазір де каран­тиндік шектеулер мен санитарлық талаптар қатаң сақталады. Аудандық, облыстық санитарлық дәрігерлердің бекі­тіп берген ережелері аясында, санитарлық-эпидемиология­лық талаптарды қатаң сақтай отырып, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін қадағалап, адам санын шектеумен бетпе-бет кездесулер өткізіп келе­міз. Онда да кездесу болатын орынның сыйымдылығы, яғ­ни әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкіндіктің бар-жоғы ескеріледі. Кездесулер көбіне сыртта, таза ауада өтеді. Сонымен қатар жиынның уа­қытын ұзаққа созбай, қысқа-нұсқа өтуін талап етеміз. Кан­дидаттар мен еріктілерге сани­тарлық-эпидемиологиялық талаптар түсіндіріліп, оны қатаң сақтау қажеттігі үнемі айтылады. Сондықтан сақтық мә­селесі басты назарда.
– Сенімді өкілдер мен еріктілер тобы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүргенін білеміз. Осы бойынша тоқталып өтсеңіз?
– Иә, осы сайлауға орай бүгінде ауданымызда 105 се­німді өкіліміз бен 35 ерікті сайлауалды үгіт жұмыста­рын жүргізуде. Олар елді мекендерді аралап, біздің алдын-ала келі­сімшарт жасасқан қоғам­дық орындарда партияның сай­лауалды бағдарламаларын та­ныс­тыратын, партиямызды на­­си­хаттап, халықты сайлауға қа­­ты­суға шақыратын ақпарат­тық бро­шю­ралар мен хабарла­ма­лар та­ратып, белгіленген жер­лерге іліп жүр. Сенімді өкілде­ріміз бен еріктілердің барлығы да – партияластарымыз. Еріктілер – «Jas Otan» жастар қанатының мүшесі, белсенді жастар. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүрген олардың барлығын да «Nur Otan» партиясының имидждік киімдерімен қамтыдық. Бұл да насихаттың бір түрі деуге болады. Мұндағы мақсат – тұрғындар сай­лауалды үгіт-насихат жұмыстарын кімдердің, яғни қай партияның жүргізіп жүргенін көрсін, партияны танысын, білсін деген мәселе.
– Үгіт-насихат жұмыстары кезең кезеңмен жүріп жатыр. Оның ерекшелігі қандай?
– Оның негізгі ерекшелігі — негіз­гі жұмыстар біздің ауданымыздың сайлауалды бағдарламасын халыққа кеңінен таныстыру. Басымдық ау­дандық бағдарламаға беріледі. Яғни жергілікті жерде қолға алынатын жұмыстар мен күрделі мәселелерді шешу жолдары көрсетілген бес жылдық бағдарламаны халыққа жеткізу. Ол үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізушілер көбіне «Есіктен есікке» акциясымен әр үйге кіріп, тұрғындарға бағдарламаны түсіндіруді қолға алған. Бүгінде ауданымыздағы сайлаушылардың 70 пайызын қамтыдық. Әлі де болса, партиямыздың сайлауалды бағдарламаларын азаматтарымызға жан-жақты жеткізіп, толыққанды түсіндіру үшін қызу жұмыс жүргізілуде. Одан бөлек кандидаттар «канвассинг» өткізіп жатыр. Бұл да насихат жұмысының бір түрі.
– Үгіт-насихат жұмыстарын жергілікті және республикалық БАҚ-тарда да жүргізіп келесіздер және кандидаттардың әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын көріп жүрміз…
– Иә, биылғы сайлаудың бір ерекшелігі «Nur Otan» партиясының сайлауалды қорынан қаржы бөлініп, бүгінде 5 сайтпен және 3 аудандық газетпен келісім шартқа отырдық. Олар партиямыздың сайлауалды бағдарламасын, кандидаттардың өткізіп жатқан іс-шараларын, сенімді өкілдеріміз бен еріктілердің атқарып жатқан сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жариялап, халық арасына кеңінен таралуына өз септігін тигізіп отыр.
Әлеуметтік желілер бүгінде үгіт-насихат жүргізуде негізгі құралдардың бірі болып отыр. Өйткені халықтың басым бөлігі әлеуметтік желілердің қолданушылары. Кез келген жаңалық пен оқиғаны, негізінен, қолымыздағы смартфон мен компьютерден оқып-білеміз. Сондықтан да әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу басқалардан алда тұрғаны түсінікті. Қазіргі уақытта әрбір кандидат өткізген іс-шараларының барлығын әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында жариялап отыр. Әрі әр жариялымы туралы сайлауалды штабқа есеп береді. Осылайша біз кандидаттардың белсенділік көрсеткішін анықтап, рейтинг шығарып отырмыз.
– Бұл рейтинг кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуін қадағалау үшін жасала ма? Әлде рейтинг көрсеткіштері сайлауда үміткерлерге қандай да бір артықшылық бере ме?
– Әрине, қазіргі жасалып жатқан жұмыстардың барлығы маңызды. Рейтинг көрсеткіштері қай кандидаттың белсенді екенін, халықпен қаншалық жұмыс істегенін, жергілікті жердің жай-жапсарынан қаншалық хабардар болғанын, аудандағы мәселелердің мән-жайын түсінген-түсінбегені және тағы басқа да осы сияқты критерийлердің жауабы болады. Сондықтан рейтинг бағасы әр кандидат үшін өте маңызды. Кандидаттармен қатар мұндай есепті еріктілер де күнделікті жібереді. Бұл олардың жұмыс жүргізіп жатқанының көрсеткіші болмақ.
Жалпы алғанда, ауданымыздағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүруде. Ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне және облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар келіп, кездесулер ұйымдастырып жатырмыз. Бұл біздегі үгіт-насихат жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғанын білдіреді. «Nur Otan» партиясының халыққа етене жақын, халықтың мұң-мұқтажын шешетін, билікпен бірлесіп, тұрақты, жүйелі жұмыс жасайтын партия екенінің бір айғағы. Аудан тұрғындарын «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырамын. Біз біріксек, алынбайтын қамал жоқ! Сондықтан 10 қаңтарда азаматтық белсенділік танытып, өз болашағымыз үшін дауыс берейік!

Сұхбаттасқан тілші Ж.Базылбеков.

Суретте:«Nur Otan» партиясы Т.Рысқұлов Сайлауалды штабы­ның басшысы Қ.Арыстанбеков.
«Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің Т.Рысқұлов аудандық маслихат депутаттарын сайлау қорының қаражатынан төленді.

Поделиться ссылкой: