Жұртқа жақын полиция
Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлерінің атқаратын істері ауқымды әрі ауыр. Себебі, олар тәртіп пен заңды ұштастырып, халықтың денсаулығы мен өміріне жауапкершілікпен қарайды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» – деп аталмыш саланы түбегейлі реформалау керек екендігін айтқан болатын. Содан бері міне құқық қорғау саласы жаңаша жаңғырып, жұмысы барынша оңтайландырылып келеді.
Елбасының бұл бастамасын құп көрген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та полиция мәртбесін арттыру үшін көптеген тың өзгерістер жасап келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында аталмыш сала қызметкерлеріне үлкен сенім артатынын айта келе, учаскелік инспекторларға қатысты өз бастамасын ұсынды. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар қоғам алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс» – деп Мемлекет басшысы тәртіп сақшыларының қызметіне қатысты тапсырма берген еді.
Осылайша Қасым-Жомарт Кемелұлы құқық қорғау саласындағы жауапты мамандарға маңызды тапсырмалар жүктей отырып, олардың қоғамдағы айшықты образын қалыптастыру керек екендігін де жеткізді. Сол тапсырмалар бүгінде бірте-бірте орындалып та келеді. Бүгінде ауданымыздағы 15 округтегі учаскелік полиция инспекторларына 21 көлік беріліп, қызметтерін ойдағыдай орындауға көптеген мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларын техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында арнайы берілген қызметтік планшеттер мен бейне тікреуіштер де полиция қызметкерлерінің басты құралдарына айналып отыр. Бұл арқылы олар тәртіп бұзғандарды жылдам арада тіркеп, өз жұмыстарын мұқият атқара алады. Міне, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша біршама түйткілді мәселелер өз түйінін тарқатып, тиісті шаралар қолданылып жатыр. Бұл тың өзгеріс осы уақытқа дейін құқық қорғау саласына жасалған реформалардың ішіндегі бірегейі деп есептеймін. Себебі, полиция қызметкерлері мен халық арасындағы байланыс үзіліп қалған еді. Бұның салдарынан көптеген қиындықтар туындады. Ал Президент тапсырмасы сол байланысты қайта жалғауға сеп болып, полиция қызметкерлерін халықтың көмекшісі ретінде танитын мезгіл де жетті. Сол себепті, бұл іске немқұрайды қарамай, тәртіп сақышалыры жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деп қарауымыз керек.
Олжас ОМАРБЕКОВ,
аудандық полиция бөлімінің бастығы.