Тұрғындардың тілегі – “көгілдір отын”

374 Views

Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Аблазимов те бекітілген кестеге сәйкес, «әкім әріптестері» секілді ауыл тұрғындары алдында өз есебін берді. Қорағаты станциясында өткен есепті жиналыс айқай-шусыз, әдепті әрі бірқалыпты өтті деуге болады. Жиналысқа аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Қ.Абуталипов қатысты.
Бақытбек Жақсымбетұлы күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Жалпы, Бақытбек Аблазимов – емен есікті кабинетте «құр» отыра бермейтін, халықпен бірлесіп жұмыс істейтін әкімдер қатарынан. Баяндамасы да жұп-жұмыр. Ең бастысы, өзге әкімдер секілді жалған пафосқа құралған лепірме сөз жоқ баяндамада. Бақытбек Аблазимов ауылдық округте 2020 жылы атқарылған жүйелі жұмыстарды рет-ретімен сөз етіп, әрбір мәселеге жан-жақты талдау жасады.  Баяндама аяқталған соң, елді мекен тұрғыны Б.Төлебаев «Рас, Қорағаты ауылдық округі жылдан-жылға өркендеп келеді. Мектебіміз күрделі жөндеуден өткен. Жаңа дәрігерлік амбулатория да салынды. Әкімшілік ғимараты да, ауылдық мәдениет клубы да, кітапханамыз да халыққа қалтқысыз қызмет атқаруда. Мұндай әкімшілік ғимараты көп ауылдарда кездесе бермейді.Көше жарықшамдары ғой тегі, қала көшелерінен ешбір кем емес. Жалпы, Бақытбек Жақсымбетұлының өткен жылы атқарған жұмыстарының есебі қанағаттанарлық деген бағаға әбден лайық. Біздегі бар проблема тек қана газ мәселесі. Халықтың аңсайтыны да сол. Сондықтан ауылымызға табиғи газ кіргізуді мықтап қолға алсаңыз?» деп сұрақ қойды. Ауылдық округ әкімі бұл сұраққа:
– Мен де осы ауылда дүниеге келгенмін. Бұл мәселе менің де шымбайыма қатты батады. Қолдан келгенше жұмыс атқарып жатырмыз. Қорағаты ауылына табиғи газдың сметалық құжаттары дайындалып, аудандық бюджеттен қаражат қарастырылған. Бұйыртса, биыл бұл мәселе өз шешімін табады деген ойдамыз. Алдымен ауыл орталығына табиғи газ келсін, сосын бұл елді мекенге газ тарту бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз,–деп жауап қайтарды. Одан кейін жарыссөзге шығып сөз сөйлеген елді мекен тұрғыны К.Атабаев ауылдық округ әкімінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарының есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, ауылды газдандыру мәселесінде құрақ ұшып жұмыс істеп жүрген Бақытбек Жақсымбетұлының қажырлы еңбегі ерен екенін айтты.
Округ әкімінің есепті жиналысына қатысып, өз ойын ашық жеткізген келесі тұрғынның бірі Қ.Шамшединов. Ол да Бақытбек Аблазимовтың 2020 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарының есебіне қанағаттанарлық деген бағасын беріп, ауыл әкімінің іскерлігін жоққа шығармады. Жұртшылықтың осындай пайымды пікірінен соң, ауылдық округ әкімі де өз ойын ортаға салды. «Бәріне халық сыншы ғой. Атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы жылдар еншісінде де сенімдеріңізден шығып, жүйелі жұмыс атқарып, ауылымызды көркейтуге бар күш-жігерімізді салатын боламыз» деп жиналысқа қатысқан тұрғындарға белсенділік танытып, есепті жиынға қатысқаны үшін өз ризашылығын білдірді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: