Қызметкерге қол жұмсаған жүргізуші құрықталды

533 Views

ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ТІЗГІНДЕГЕН ӘРБІР ЖҮРГІЗУШІ ӨЗІНЕ ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК АРТУЫ ТИІС. БҰЛ ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІНЕ ҚАУІП ТӨНДІРМЕЙТІН НАҚТЫ ӘРІ ЖАЛҒЫЗ ҚАДАМ. БІРАҚ, ОСЫ БІР ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДАНЫ ҚҰЛАҒЫНА ҚЫСТЫРМАЙ, АЩЫ СУҒА СЫЛҚИЯ ТОЙЫП АЛЫП, КӨЛІКТІҢ РӨЛІНЕ ЖҮРЕКСІНБЕЙ ОТЫРАТЫН ЖҮРГІЗУШІЛЕР ДЕ БАРШЫЛЫҚ. ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ БҮГІНДЕ АЗАЙМАЙ ТҰР.

Жалпы аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің мұрындық болуымен жедел-профилактикалық іс-шаралар сәт сайын ұйымдастырылып тұрады. Солардың бірі – «Құқықтық тәртіп». Жоғары деңгейде жүргізілетін іс-шараның нәтижесі де жаман емес, көңілге қонымды. Дәлірек айтар болсақ, өткен жылы аты аталған алдын алу іс-шарасының ықпалымен бірқатар құқық бұзушылық фактілері анықталған. Дәл сондай тәртіп бұзу іс-әрекеті жуық арада орын алып, тіркеуге алынды.
2021 жылдың 11 қаңтарында Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында «УАЗ» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Полиция капитаны Е.Төреқұлов өзін таныстыру барысында жүргізуші оған тосыннан жұдырық жұмсап, оқиға орнынан бой тасалауға тырысқан. Бірақ, полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында Құлан ауылының 50 жастағы тұрғыны ұсталды. Заң талаптарын өрескел бұзған қылмыскер ізінен медициналық куәландырудан өту үшін аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Сараптама қорытындысына сәйкес оның «орта дәрежедегі масаң күйде» болғаны анықталды.
Нәтижесінде, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, бүгінде азаматтың полиция қызметкеріне қол жұмсау дерегіне қатысты іс қозғалып, Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Нақты айтатын болсақ, дәл қазіргі таңда күдікті билік өкіліне күш қолданғаны үшін уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: