Халық – қазы, еңбек – таразы

558 Views

Өткен аптаның бейсенбі күні Құмарық ауылдық округі әкімінің жылдық есеп беру қорытындысы өтті. Қаракемер ауылында болған жиынға Құмарық ауылдық окруігінің әкімі Болат Мансұр, аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Дауытбеков және ауыл тұрғындары қатысты. Ауылдық округ әкімі Б.Мансұр өзінің баяндамсында 2020 жылы атқарған істерінің бірқа­та­ры­на тоқталды.
– Өткен жылы Құмарық, Алғабас, Қаракемер ауылдарында түрлі бағыт бойынша көптеген шаралар атқарылып, өз нәтижесін берді. Соның ішінде біз пилоттық жобаға 4 бағыт бойынша қатысып, жалпы сомасы 797 196 000 теңге қаржыны игердік. Ауыл халқының игілігі үшін 2,1 га жерге сарымсақ, 33 га жерге картоп, 18,9 жерге қияр дақылдарын егіп, жер өрісін кеңейттік. Сонымен қатар пилоттық жобаның төртінші бағыты бойынша 89 950 000 теңге қаржыға 17 ауылшаруашылық техникасы сатып алып, «Құмарық-Тау» өндірістік кооперативіне табыс етілді. Міне, осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Үздік пилоттық коо­пера­тив – 2020» иегері атандық, – деп Құмарық ауылдық окруігінің әкімі Б.Мансұр 2020 жылы жеткен жетістіктеріне бір шолу жасап өтті.
Сондай-ақ, ауылдық округ әкімі өз баяндамасында Құмарық, Алғабас, Қаракемер ауылдарындағы медицина, мәдениет, білім, спорт саласындағы нәтижелі жұмыстарға тоқталды. Атап айтар болсақ, округ бойынша 2 орта мектеп, 1 балалар бақшасы, 2 ауылдық кітапхана, мәдениет үйі, дәрігерлік емхана, Е.Ыбыраимов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі халыққа үздіксіз қызмет етіп жатыр.
Баяндамасын аяқтағаннан кейін округ әкімі Б.Мансұрға ауыл тұрғын­дары тарапынан сұрақтар қойылды. Сұрақтардың ауаны ауылдық округтегі мал шаруашылығы мен егістік алқабы турасында болды. Соның ішінде ауыл тұрғыны Иматаев Нұрболат: «Жаңадан орнатылып жатқан ауыз су жүйесі қашан пайдалануға беріледі?» деп сауал қойды. Бұл сұраққа аудандық тұр­ғын үй коммуналдық-шаруашылық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Дауытбеков: «Ауылда 2021 жылы ауыз су мәселесі толық шешіледі» деп жауап берді.
Жиын соңында жарыссөзге ниет білдіргендердің қатарында ауыл тұрғыны Рахимов Мамыт сөз сөйлеп, Құмарық ауылдық округінің әкімі Б.Мансұрдың 2020 жылы ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша атқарған жүйелі жұмысы мен іргелі істеріне өзінің оң бағасын берді.

Ахмет ҚАНАТҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: