100-ге жуық адам Әнұранды шырқады
26 ViewsАлтын күн аспаны, Алтын дән даласы. Ерліктің дастаны, Еліме қарашы. Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой. Қайырмасы: Менің елім,…
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, еліміз індетке шалдыққандардың саны бойынша 221 мемлекеттің ішінде 109-шы орында тұр екен. Қазақстанда ақпанның 1-нен бастап жаппай вакцина егу басталады. Ал енді «COVID-19»-дың біздің ауданымыздағы ахуалы қандай? Аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері осыған алаңдаушылық білдіріп, шұғыл кеңес отырысына жиналды.
Иә, оған да себеп бар болатын. Жақында аудан әкімі жанынан індетке байланысты құрылған мобильдік топты басқаратын топтың басшысы, аудан әкімінің орынбасары Е.Қалыбаев осы дерттен қайтыс болды. Аудан «жасыл» аймақта тұр, дегенмен аудандық санитарлық-эпидемиялық басқарманың басшысы С.Өскенбаевтың айтуына қарағанда, бір айдың ішінде 90 адамнан ауру шыққан екен. Сонымен кеңес отырысына мобильді топ басшысының орынбасары С.Тастанов та сырқаттанып, қатыса алмады.
Отырыста аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы П.Ә.Сүлейменов осы мәселелерге бей-жай қарауға болмайтынын айта келіп, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің жетекші маманы Дариға Әкетаевадан мобильді топтың қазіргі таңдағы жұмысы туралы айтып беруін сұрады.
– Мобильді топта тоғыз адам бар. Топ мүшелері күн құрғатпай тойхана мен дәмханаларды, базарлар мен дүкендерді аралап, тексеру жүргізіп тұрады. Жыл басынан бері 40 хаттама толтырдық. 3 миллион 766 мың теңгенің айыппұлын салдық. Біз оларды бес негізгі талап бойынша қадағалаймыз. Әйткенмен, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің (27.10.2020 ж) №39-шы қаулысында көрсетілген көпшілік іс-шараларды және адамдар көп жиналатын жиындарды өткізуге тиым салу туралы нұсқауын жұрт жүре тыңдайтын болды. Біздің мобильді топ мүшелері «Ақ босаға», «Наурыз» мейрамханаларына 319 мың теңгеден бір-бір жолы айыппұл салды. Ал Н.Чубақбаевтың «Наурыз» мейрамханасына осындай ескертумен екі мәрте бардық. Екінші жолы барғанда ол мейрамханасын өзге біреуге жалға бергенін айтып, жалтарды. Тойхана администраторы тіпті бізге дауыс көтеріп, ішке әрең кіргізді. Мобильдік топтың мүшелерін мал базарын тексеруге шақырған едік, біразы келмеді. Полиция қызметкерлерінің өзі шақырған жерге кешігіп келеді. Топтың мінетін көлігі жоқ, жаяумыз. Қысқасы тойханалар тексеруші топ кеткен соң артқы есігін ашып, жұртты ішке кіргізіп алады, – дейді ол.
Д.Әкетаеваға кеңес мүшелері көп сұрақ қойды. Осы топтың жұмысын алға сүйрелеп жүрген адам болған соң ол барлық сұраққа мүдірмей жауап берді. Кеңес мүшелері оның шынайы берген жауаптарына ризашылығын білдірді. Осы мобильді топтың мүшесі полиция майоры, әкімшілік полициясының инспекторы Серік Сиқымбаев та өз кезегінде осынау өзекті мәселе төңірегінде орамды ой қозғап, орынды ұсыныс айтты.
– Мен Әкетаеваның айтқан уәждерін құптаймын. Меніңше ауданда мұндай бес мобильді топ болуы керек. Қызметкерлердің бәрінің негізгі жұмыстары бар, сондықтан оларды алмастыратын резервте адам болуы тиіс. Енді тексеру туралы айтсам, бұрын біз әкімшілік Кодекстің №476-шы қаулысымен өзіміз-ақ, тексеріп, тәртіп бұзушыларға айыппұл сала беретінбіз. Қазір бізді бұл құқықтан айырды. Топ мүшесі ретінде біз тек қоғамдық тәртіпті сақтауды қадағалаймыз. Иә, біз топ мүшесі ретінде жіберілген кемшіліктер мен тәртіп бұзушылықтарды жіпке тізіп, хаттама толтырып, оны тиісті органдарға жолдаймыз. Тексерудің одан арғы тағдыры аудандық санитарлық-эпидемиялық басқарманың немесе аудан прокурорының құзырында қалады. Сондықтан мобильді топқа прокуратура мен СЭС-тің мамандарын да енгізу керек деп ойлаймын, – деді.
Кеңеске келіп қатысып отырған аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өскенбаев мырзаға сұрақ көп қойылды. Дәлірек айтқанда, коронавирусқа байланысты дезинфекциялау шаралары туралы қойылған сұраққа ол: «Бұл жұмыс сараптау орталығының міндетіне кіреді (басшысы Е.Жақияев). Сараптама қорытындысы бойынша індеттің 54 ошағы тіркелген болатын, олардың барлығына дезинфекция жасалды. Қазір індеттің екінші толқыны келді. Адамдар індеттен өз бетінше емделіп, ауруын асқындырып алуда. Мәселен, Каменка ауылдық амбулаториясына осы күнге дейін бірде бір науқас жұқпалы ауруы бойынша келіп қаралмаған. Сондықтан сақ болайық. Сақтанайық!».
Кеңес отырысында қоғамдық кеңестің мүшелері Ж.Дидаев пен Р.Әбдіқадыров осынау өзекті мәселені талқылауға қозғау салып, аурудың алдын алуға байланысты шара қолданбай отырған аудан басшыларының атына да орынды сын айтты. Кеңес мүшелері мобильді топтың мардымсыз жұмысына көңілдері толмайтынын айта келіп, топты 5 топ етіп құрып, оның құрамын жаңартуды, оларды көлікпен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау керектігін аудан әкімінен және аудандық прокуратурадан сұрау үшін тиісті орындарға арнайы хат жолдауды ұйғарды. Осынау өзекті мәселені үнемі назарда ұстап, оның орындалуы туралы ақпарат алып отыруды және бұл туралы газет бетінде материал жариялауды ұсынды.
Осынау күн тәртібіндегі маңызды мәселе туралы кеңестің отырысын аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Әбілдаұлы Сүлейменов қорытындылай келіп, былай деді: «Көтерілген мәселелердің барлығы дер кезінде өз шешімін табады деп ойлаймын. Сондықтан әр ауылдық округте осындай мобильді топтар құрып, олардың жұмысын үнемі бақылауға алып отыру қажет деп ойлаймын».
С.Қожеке.