АУЫР ЖЫЛ БОЛҒАНЫМЕН, АТҚАРЫЛҒАН ТІРЛІК КӨП

611 Views

Кеше аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың округ әкімдерімен бірлескен халық алдындағы есебі бастау алды. Жалпы өткен жылы ауданда атқарылған ауқымды жұмыстардың тізбегін Қорағаты, Ақбұлақ ауылының тұрғындары алғашқылардың бірі болып тыңдады. Аудан және аты аталған ауылдық округ әкімдерінің есепті баяндамаларын газетіміздің өткен сандарында назарларыңызға ұсынып қойғандықтан, әкімдер баяндамасында айтылған статистикалық көрсеткіштерге толық тоқталмауды жөн деп таптық. Сондықтан да бірден тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға кеңінен тоқталсақ деймін.

Аудан басшысы ең алдымен Қорағаты тұрғындарының алдында есеп берді. Өз есебінде көңілге қо­нымды көрсеткіштерді айтып, әр­бір саланың жеткен жетістігін тіз­бек­теді. Ең алдымен баяндамасын ау­данның бюджетінен бастаған Ер­болат Салқынбекұлы кейіннен ауыл­ша­руашылығы, кәсіпкерлік және өнер­кә­сіп, жер қатынастары, жұмыспен қам­ту, білім, денсаулық, тұрғындарды ауыз сумен, сонымен қатар көгілдір отынмен қамту жұмыс­тары жайында да сөз өрбітті.
Жалпы өткен жыл ауыр болғанымен, атқарыл­ған тірлік көп. Атап айтатын бол­сақ, аудандағы көшелердің 128-і жарық­пен қамтылып, 100-ге жуығы толы­ғымен асфальтталған. Одан бө­лек ауыз су жүйесі жоқ 16 елді ме­кеннің 4-іне өткен жылы жаңа ауыз су жүйесі жүргізілген.Тұрғындарды тұрғын үймен қамту жұмыстары да қол­ға алынған. Себебі, аудан әкімінің қабылдауына келген халықтың басым көпшілігі осы мәселе төңірегінде өтініш жасайды екен. Сол үшін де аудан орталығынан үй кезегінде тұрған 1145 азаматтың өтінішін қанағаттандыру мақсатында 80 пәтерлі 5 қабатты қос тұрғын үйдің құрылысы басталған. Жұмыс нәтижелі жүргізілуі үшін қажет­ті қаражаттар бөлініп те қойы­лыпты.
Аудан әкімі өз баяндамасында газға қатысты тұсын оқи бастағанда қорағатылықтар зор ықыласпен тыңдай түсті. Себебі, Қорағаты жұртшылығын алаң­датқан басты мәселенің жауабы осы тұста айтылды. Аудан басшысы Ерболат Садырқұлов соңғы жылдары аудандағы 42 елді мекеннің газ кірмеген 18 ауылына көгілдір отынды жеткізу үшін қыруар тірлік атқарылғанын, оның ішінде биыл Қорағаты ауылына міндетті түрде газ кіретінін айтқанда, жиынға келген көпшілік қуаныштарын жасыра алмай, ерік­сіз қол соқты.
Жиын сұрақ-жауап кезеңіне де кел­генде тұрғындар тарапынан көп сауал қойылған жоқ. Ауыл жұртшылығы тек Қорағатыдағы электр желісінің ескіргенін, спорт үйірмелерінің көптеп ашылуын қалайтындықтарын ғана жеткізді. Сондай-ақ, ауыл мен емханадағы интернет ақауларын ретке келтіру, мешіт құрылысын соңына де­йін жеткізу сынды мәселелер көте­рілді. Аудан басшысы өз кезегінде барлық қойылған сұраққа толық жауап беріп, кейбір бөлім басшыларына хаттамалық тапсырмалар берді.
Түс ауа аудан басшысы Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Онда ауыл ақсақалдарының тарапынан бірқатар мәселелер көтеріліп, шешімі түйіндеулі тұрған сауалдарға жауап берілді. Жиында округ құрамына енетін Қызылшаруа ауылының басты мәселелері сөз болды. Атап айтатын болсақ, ауыл ақсақалдары мәдениет үйін соғу, Абай көшесін қайта жаңғырту, спорт алаңына жасанды төсеніш төсеу сынды мәселелерді көтерді. Ал ақбұлақтық қариялар ауыл әкімінің жұмысына толықтай қанағаттанатындықтарын айта келе, жайылым көлемін ұлғайту, кей көшелерге асфальт төсеу, оларды жарықтандыру, округ орталығына саябақ соғу мәселесіне ерекше тоқталды. Аудан әкімі барлық ұсыныстарды барынша зерделеп қарайтынын айтып, жұмыс дәптеріне түртіп алды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: