Мәселесі көп мәжіліс

288 Views

Ілгеріде әкімдердің есеп беру жиналыстарына азаматтар кәдімгідей білек сыбанып келетін. Ондағы мақсат – біреуді мінеп-сынау емес, қайта аймақтағы қордаланған әлеуметтік мәселелерді алға шығарып, жұмысына көпшіліктің көңілі толмаған басшыларды тұқырта сынға алып, әбден ақ тер, көк терін шығаратын. Қазіргі әкімдердің есебі оған қарағанда тынышырақ өтіп жүр.
Осындай есепті жиын жақында Құлан ауылындағы «Сұлутөр» кинотеатрының залында өтті. Оған осы ауылдық округке қарайтын Шөңгер мен Қарақат ауылының ақсақалдары да келді. Өйткені жиырма мыңға тарта халқы бар Құлан ауылдық округінде 3783 түтін бар. Әр үйелменнің өз проблемасы тағы бар. Округ әкімі Еркін Сейітжапаров ел алдында еркін сөйледі. Залда індеттен үркіп, бетперде киген үлкен де, кіші де отыр, өйткені пандемияның екінші толқыны жүріп жатыр. Сақтанбаса тағы да болмайды.
Сонымен, 17 ұлттың өкілі тұрып жатқан округтің әкімі 12 ай ішінде бюджет қоржынына түскен салықтан бастап үш елді мекеннің санитарлық тазалығына дейін түгін қалдырмай айтып, кейінгі кезде көркіне көз тоймайтындай реңкке бөлене бастаған Құланның көшелерін жарықтандыру мен ауыз су әкелу, басқа да абаттандыру мәселелеріне кеңінен тоқталды. Бір Құланның өзінде 90 көше бар десек, соның 72-не жарық тартылып, 82 көшесі асфальтталыпты. Орталық Жібек жолы көшесіне 40 шырша отырғызылған екен. Кеш батса болды, бұрын көзге түртсе көргісіз болып келген Сұрапбай Жамбылов, Желтоқсан, Сұлутөр, Жұманбекұлы және Жанкелді көшелеріне орнатылған шамдар көздің жауын алады. Аудан орталығында 7 мектеп пен 9 балабақша бар десек, биыл үш мектеп мінсіз күрделі жөндеуден өтіпті. Е.Сейітжапаров биыл №2 шағын орталықты орта мектебі мен Құлан орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, ал, Ю.Гагарин мектебіне спорт зал салынатынын залға жиналған жұрттың назарына салды.
Округ әкімі Е.Сейітжапаров шешімін таппай жатқан мәселелерге де тоқталды. Ол жер асты суының көтеріліп келе жатқанын, Сырдария, Алматы көшелері мен «Арай» шағын ауданы тұрғындарына ауыз су әкелу, келешекте бір жаңа мектеп салу жоспарда бар екенін де жасырмады.
Осыдан соң жұрт алдына шыққан аудан әкімі Е.С.Садырқұлов қағазға қарамай-ақ, ауданның алты негізгі көрсеткіш бойынша жоспарды артығымен орындағанын, өткен жылға қарағанда бюджетке 5,5 миллиард теңге асық түскенін, яғни өсімнің оң динамикасы барын нық сеніммен хабарлады. «Құмарықтағы пилоттық жобаны енді екі ауылға әкелсек, білім саласы бойынша 17 жобаны жүзеге асырсақ, бәрінен де қалған 11 ауылға газ кіргізсек нұр үстіне нұр болар еді» деді.
– Қазіргі таңда 1145 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл аяғына дейін 80 пәтерлі екі үйді пайдалануға берсек, тағы сондай 80 пәтерлі бір үйді салуға қаражат алсақ, ауданда қордаланған тұрғын үй проблемасы біршама шешілген болар еді. Биыл Құлан агротехникалық колледжі мен 5 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен, яғни «Асарлатып үй салу» жобасымен 15 үй пайдалануға берілді. Енді биыл Жаңатұрмыс ауылы мен Көгершін ауылынан мәдениет үйін салу жоспарда тұр. Сонымен қатар, Жақсылық пен Жаңатұрмыстан емхана салынады, – деп аудан әкімі үстіміздегі жылы атқарылар шаруаларды баяндап өтті.
Иә, осының барлығы құрғақ уәде емес, орындалатын іс. Өйткені бір ауылдан басқасының газ кіргізуге қаражаты төленіп, жобасы сызылып қойған. «Сұлутөрде» өткен жиналыста жасы 80-ге келген ауданның «Құрметті азаматы» Райзо Шәділбеков бұрынғы «Восток» колхозы кезіндегі, яғни 53 жылдан бері құрылысшының қолы тимей тұрған саябақты жөндету, тау алқабына баратын жолға көңіл бөлу керектігін аудан әкімінің назарына салды. Бұл туралы ауыл әкімі де, аудан әкімі де хабардар екен. Осыған орай үлкен жоба да жасалыпты. 6,5 гектар жер ауыл әкімінің иелігіне беріліпті. Бірақ, қымбат жоба болған соң оны облыс әкімі де тоқтата тұруды жөн көріпті. Ал Қарақат ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Үмбет Жанәділов ауылдың төр жағына су қоймасын салу туралы өте маңызды мәселе көтерді. Жиналыста спорт ардагері Марат Чулекеев те сөз алып, Панфилов көшесін абаттандыру мәселесін қозғады. Одан соң сөз алған Құлан ауылдық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Тілеу Барлыбаев екі баяндаманы да зейін қоя тыңдағанын, екі әкімге де қанағаттанарлық баға беретінін мәлімдеді. Осы пікірді басқалар да қолдады.
Жиналыс аудан әкімінің қорытынды есебі мен ауыл әкімінің есебінен туындайтын мәселелер бойынша арнайы шешім қабылдады. Мәселесі көп жиын осымен аяқталды.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: