Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданында болып, Абай ауылдық округінің əкімі Мұрат Арыстанбековтың халық алдында есеп беру жиналысына қатысты.
«Ауылдарыңызға келгендегі мақсатымыз – біріншіден, өздеріңізге сəлем беру, екіншіден, жағдайларыңызды көріп, қандай мəселелеріңіз бар, соны біліп, шешуге көмектесу. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылда үш рет экономикалық дағдарысты басынан өткізді. Бұл дағдарыстарды бүгінде билік Ұлттық қорға жинаған қаржы есебінен еңсеруде. Мәселен өткен жылы облысымызға республика бюджетінен жүз миллиардтан астам қаржы бөлінсе, Т.Рысқұлов ауданына 5,5 миллиард теңге жұмсалған. Соның есебінен бұл ауданда аудан әкімі Ерболат Садырқұлов айтқандай, көп жұмыс атқарылып, бір саланың өзінде 128 көше жарықтандырылыпты. Бұдан бөлек, білім ошақтары, балабақшалар, медициналық пункттер, мәдениет үйлері мен спорт нысандары күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл деген үлкен жұмыс. Биыл да бұл жұмыстар облысымызда, сіздердің ауданда да өз жалғасын табатын болады», – деп облыс əкімі Бердібек Машбекұлы баяндама жасау үшін сөзді округ əкімі Мұрат Арыстанбековке берді. Ауыл әкімі Мұрат Арыстанбековтің айтуынша, округтің жалпы жер көлемі 30044 гектарды құрайды. Оның 5097,7 гектар егістік, 23879,5 гектар жайылымдық жер. Суармалы алқаптар 270,7 гектар. Бұл жер телімдерін 52 шаруа қожалығы игеруде. Олар өткен жылы бидайдан 29835 тонна, арпадан 33607,5 тонна өнім жинаған. Гектарға шаққандағы орташа өнім 25-27 центнерден айналыпты. Биылғы өнімі үшін 1110 гектар алқапқа күздік бидай, 35 гектарға рапс дақылы себілген.
Мал басы да мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар аясында артып келеді. Атап айтсақ, «Керең» ШҚ «Сыбаға» бағдарламасы және инвестициялық жобалар аясында 93 миллион теңгеге Германиядан «Сементал» тұқымды ет-сүт бағытындағы 143 бас асыл тұқымды құнажынын сатып алған. Ал «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 4 кәсіпкер 13,4 миллион теңге несие алып, мал басын көбейтіпті. Осының есебінен ауылда мал бордақылаумен айналысатын тұрғындар саны өскен. Мәселен, «Сүйін» ШҚ 4 мал бордақылау алаңында 150 бас мүйізді ірі қара, 90 бас жылқы, 260 бас ұсақ мал ұстап отырса, 30 бас бие сауып, қымыз өндіруде. Бұдан бөлек, округте 10 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Округте аптасына 10 тоннадан асатын ет өндіріліп, аймақ нарығына шығарылуда.
Сонымен бірге ауылда ауыл шаруашылығы техникалары да жаңартылуда. Өткен жылы «Нартай» және «Достық-Е» шаруа қожалықтары «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ың лизинг несиелік желісі бойынша 31 миллион теңгеге 3 дана «Беларусь» тракторын сатып алып техника паркін жаңартқан. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді игерілуі бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде ауылдық округтегі игерілмей жатқан 5 гектар суармалы, 500 гектар жайылым алқаптары анықталып, заң шеңберінде мемлекеттік қорға қайтарылған. Сонымен бірге тұрғын үй салу бойынша таратылған жер телімдеріне жүргізілген зерделеуден кейін ұзақ уақыт пайдаланылмаған 42 жер телімі кері қайтарылып алынған. Жалпы округке қарасты елді мекендегі барлық көшелерге асфальт жабындары төселген. Ауыл табиғи газбен, ауыз сумен, жарықпен қамтылған. Округ әкімі бірде-бір саланы назарынан тыс қалдырмай баяндап шықты.
Жарыссөзге бірінші болып Абай ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы Рысбек Секербеков шықты.
– Ауылда 380 түтін бар, 2 мыңнан аса адам тұрады. Ынтымағымыз жарасқан. Ауылда неке бұзу деген жоқ. Барлығын ақсақалдар болып бақылап отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, бізде мақтанарлық іс көп. Атап айтсақ, ауылымыз өткен жылы облыс тарапынан ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауында аймақ бойынша екінші орынды жеңіп алды. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы аясында екі үй салдық. Кəсіпкерлердің демеушілігімен мешіт жөндеуден өткізілді. Енді асхана соғудамыз. Оның құрылыс жұмыстары 70 пайызға аяқталып тұр. Онда ас, құдайы тамақ берілетін болады. Енді бізге керегі мəдениет үйі. Бұрынғы мәдениет үйі бұзылып кеткен. Соның орнына жаңа, заманауи мəдениет үйін салуға көмектессеңіз. Бұдан бөлек, өткен жылы біздің ауыл тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаға енеді деп еді. Сол жобадан біздің ауыл қалып кетпесінші, – деп елдің өтінішін жеткізді.
Бұдан кейін жарыссөзге шыққан ауыл тұрғындары Тұрсынбек Озғанбаев шеткі көшенің жарықтандыруы нашар екенін айтып, соны ретке келтіруді сұраса, Нұркерім Əбілдаев округ əкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Жиынның қорытындысында Бердібек Машбекұлы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, суармалы егіс алқаптарын көбейту, жерді тиімді пайдалану туралы айтты. «Президентіміз суармалы егіс алқаптарын көбейту туралы тапсырма берді. Сіздер таудың қасында тұрғандықтан жер асты, жер үсті суларын тиімді пайдаланып, бақша салуларыңыз керек. Округте 21 отбасы үй іргесіндегі жер телімін пайдаланбай отыр екен. Оларды да жерді тиімді игеруге үйрету керек. Осы мүмкіндіктерді жасай отырып, біз көрші елдің суына деген тəуелдіктен арылуымыз керек. Биыл суармалы алқап көлемін 210 гектарға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін жаңбырлатып, тамшылатып суару қондырғыларын көбейтіп, Отандық азық-түлік қорын жасақтауға Сіздерді үлес қосуға шақырамын», – дей келіп облыс әкімі облыстың алдағы ауқымды жобаларымен таныстырды. Жиын соңында ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін зерделейтінін айтып, ауыл тұрғындарының ауыл əкіміне берген «қанағаттанарлық» деген бағаны қолдайтынын, округте жұмыс барын атап өтіп, жиынды қорытындылады.
Марат ҚҰлибаев,
журналист.
Материал облыстық «Ақ жол» газетінен алынды.