Әминаның арманы – таэквондоның жұлдызы болу

431 Views

Жуырда Тараз қаласында 2004, 2005 және 2006 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында таэквондодан облыстық чемпионат өткен еді. Бұл айтулы жарысқа жас жеткіншектерді кәсіби спортқа баулитын №24 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (бұрын Ермахан Ыбырайымов атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі деп аталған, қазіргі атауы осындай) 3 тәрбиеленушісі қатысты. Аталмыш спорт мектептің жаттықтырушысы Жадыра Жиенбаевадан тәлім алатын жасөспірім қыздар облыстық чемпионатта сәтті өнер көрсетті деуге толық негіз бар.
Жақсы нәтижеге қол жеткізген тәрбиеленушінің бірі – Төрехан Әмина есімді жас талант. Ол осы жарыста 55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жүлделі II орынға ие болды. Бала жасынан зерек әрі алғыр болып өскен Әмина қарындасымыз 6 жылдан бері жаттықтырушысы Жадыра Жиенбаевадан таэквондоның қыр-сырын меңгеріп келеді. Осы аралықта Әмина Төрехан облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі болды.
Мәселен, 2015 жылы Әмина қарындасымыз балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандандырылған спорт мектебі мен олимпиадалық дайындық орталығы және спорт интернат мектептерінің тәрбиеленушілері арасында өткен ҚР XIII ашық чемпионатында жүлделі III орын, 2018 жылы дәстүрлі түрде өтетін атақты желтоқсаншы, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған республикалық турнирде 12-14 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында 41 келі салмақ дәрежесінде жүлделі II орын иеленді. Айтпақшы, 2017 жылы Б.Түлкиевті еске алуға арналған ашық турнирде Әмина Төрехан жарыс жеңімпазы атанды. 2020 жыл да Әмина үшін табысты болды. Ол өткен жылы балалар, жасөспірімдер және жастар арасында өткен VIII дәстүрлі ашық турнирде 12-14 жас аралығындағы категорияда 51 келі салмақ дәрежесінде жүлделі I орынды иеленді.
– «Талпынған жетер мұратқа» демекші, әр жаттығу мен үшін аса маңызды. Бос уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Таэквондо – бұл бұлшық етті қатайтып қана қоятын спорт түрі емес, бұл жерде де ақылды қажет ететін спорт. Сондықтан да көбіне-көп тәуекелге бармай, ең бірінші ақылмен ойланып, нақты қадам жасаймын. Болашақта әлемдегі таңдаулы таэквондошылардың бірегейі болғым келеді.Және сол мақсатыма жету үшін барымды салатын боламын, – деді оқушы ішкі сырын бөлісіп.

Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: