АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРҒА ОҢ БАҒА БЕРІЛДІ

301 Views

АПТА БАСЫНДА АУДАН БАСШЫСЫ ЕРБОЛАТ САДЫРҚҰЛОВ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ. АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ КІШІ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІНДЕ 2020 ЖЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН АУҚЫМДЫ БАСТАМАЛАРДЫҢ ТІЗІМІ ТІЗБЕКТЕЛДІ.Өткен жылы ауданымызда көптеген ілкімді істер атқарылды. Бірнеше жоба қолға алынып, олардың нәтижелі жүзеге асуына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бастаған әкімдік қызметкерлері бар күш-жігерін жұмсады. Бастысы қолға алынған баянды бастамалар халықтың көңілінен шыққандай. Оны аудан әкімінің қаңтар айының соңында басталып, ақпан айының ортасына дейін жалғасқан есепті кездесулеріндегі халықтың ыстық ықыласынан анық аңғаруға болады.
Иә, өткен жылы ауданда өндірілген өнімнің де көлемі ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, былтыр ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16,2 млрд. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 101,1 пайызды құраған. Бұл көрсеткішті 2019 жылмен салыстырсақ, 6,7 млрд. теңгеге артық. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың аталмыш көрсеткіші 9,5 млрд. теңгені құраған. Аграрлы ауданда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерінің көлеміне де көз тояды. Нақтырақ айта кетейік, жалпы өндірілген өнім көлемі 39,9 млрд. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6,4 млрд. теңгеге артқан. Оның ішінде егін шаруашылығы 22,3 млрд. теңгені құраса, мал шаруашылығы бойынша 17,6 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілген. Ауылшаруашылығы демекші, соңғы кездері ауданда техника паркін жаңалау ісі де жоғары деңгейде жүргізілуде. Мысалы, өткен жылдың өзінде 143 дана ауылшаруашылығы техникалары (оның ішінде 22 дана егін орағы комбайны) сатып алынып, машина-тракторлар паркі 14 пайызға жаңаланған. Аталмыш ауылшаруашылығы техникалары мал азығының артуына септігін тигізіп, төскейдегі төрт түліктің басын көбейтуге ықпал етуде. Айтқан сөзімізге дәлел болсын, өткен жылы барлық мал басының түрінен өсім байқалады. Өсімнің нақты көрсеткіші 122,4 пайызды құраған. Аталмыш мәліметтің барлығын Пазыл Сүлейменов бастаған Қоғамдық кеңес мүшелеріне аудан басшысы Ерболат Садырқұлов баяндады. Сондай-ақ, аудан әкімі өзге де салаларды саралап, тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында іске асырылған жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, Ерболат Салқынбекұлы Құмарық ауылындағы пилоттық жобаға кеңінен тоқталып, елді мекендерге ауыз су жүргізілгенін, жол асфальтталынып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ салынғанын айтты. Сонымен қатар, көгілдір отын мәселесі аясында жүзеге асқан істерді толыққанды баяндады. «Аудандағы 42 елді мекеннің 24-не толық газ тартылған. Көгілдір отын кірмеген 18 ауылдың 6-на газ тарту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Д.Қонаев, Әбіл­қайыр, Бәйтелі және Қорағаты ауылдарына газ тарту жобасына респуб­ликалық бюджеттен 400,0 млн. теңге және облыс­тық бюджеттен 44,4 млн. теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алуды рәсімдеу жұмыстары жүр­гізілуде. Ал Шолақ-Қайыңды ауылы бойынша жоба­лық-сметалық құжат мемлекеттік сараптамаға жол­данды. Сондай-ақ, Шөңгер ауылын газдандыруға жобалық-сметалық құжат дайын, бюджеттік өтінім берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы қаржыландыру мәселесін қарастырудамыз» деп осы күнге дейін даулы болған Каменка, Жалпақсаз, Тасшолақ, Қазақ, Жаңатұрмыс ауылдарына қатысты мәселелерге тоқталды. «Аты аталған ауылдарға газ тарту жобасына демеушілер есебінен қайта жобалық-сметалық құжат дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2020 жылы облыстық бюджеттен 50,0 млн. теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар басталып та кетті» деп жағымды жаңалықтармен де бөлісіп, қалған 7 елді мекен (Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Сұмқайты, Қосапан ауылдары, Құмарық разъезді, Қорағаты станциясы) халық санының тиісті шамадан аз (50 адамнан төмен) болуына байланысты газ тарту тиімсіз деп танылғанын айтты. Ерболат Салқынбекұлы бұл бағыттағы жұмыстарды нақты жүзеге асырып, аудан халқын 100 пайыз көгілдір отынмен қамтуды көздеп отырғанын жеткізді. Есеп беру баяндамада өзге де салалар кеңінен тарқатылып, жиын жарыссөзге ұласты.
Алғашқы болып жарыссөзге Қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі Бақытжан Іңкәрбеков шықты. Талай жылдар бойы мемлекеттік салада қарымды қызмет атқарған ардагер аудан басшысының жұмысына оң баға берді. «Былтыр көп жұмыс атқарылды. Бұл істерді жүзеге асыру оңай емес, әрине. Сеніңіздер, мен бұл саланы бес саусағымдай білемін. Жобаларды облыс, республика көлемінде қорғау да – қиынның қиыны. Сондықтан да аудан басшысының жұмысына толықтай көңілім толады. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес, бар. Былтыр аудан көлемінде тоқсаннан астам жол жөнделіп, 130-ға жуық көше жарықтандырылды. Бірақ, ол жұмыстардың сапасына мән берген жандар өте аз. Сол себепті де, алдағы барлық құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуді ұсынамын» деп осы жылға жүйелі жоспар құрып, іске асыруды көздеп отырған аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Келесі болып мінбеге Қоғамдық кеңес мүшесі Мұратхан Ыстыбаев көтерілді. Әрбір саланың кемшілігін анықтау барысында белсенділік танытатын кеңес мүшесі аудан басшысының есеп беру баяндамасын басылым беттерінен оқығандығын айта келе, көңілі толатынын, атқарылған жұмыстарға оң баға беретінін жеткізді. «Аудан басшысының жұмысына әріптестерім секілді оң баға беремін. Дейтұрғанымен, өзіңізге ұсынатын бірнеше ұсыныстарым да бар. Біріншіден, біз жуырда мобильді топтардың жұмысын зерделедік. Тексеру барысында бірқатар кемшіліктерді де анықтадық. Айта кету керек, дәл қазіргі мобильді топтың құрамын толықтай жаңарту керек. Сондай-ақ, оларды арнайы көлікпен, қажетті құралдармен қамтамасыз етуіңізді сұранамын. Сонымен қатар, мобильді топтардың санын ұлғайтып, әрбір елді мекендерде жасақтасақ жөн болар. Олай деп айтуымның себебі, соңғы кездері шалғай ауылдарда шағын жиындар өткізу фактілері орын алуда. Осы ұсыныстарды ескерсек, белең алған індетті жеңуге мүмкіндік болар еді» деп айтылған ұтымды ұсыныстарға көңіл бөлуге шақырды. Мұратхан Ыстыбаев кеңес мүшелерінің бірқатар ауылдық округ әкімдерінің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Әсіресе, Көкдөнен, Көгершін, Құмарық ауылдық округтерін жекелей атап өтіп, елді мекен басшыларының жұмысын сынға алды. Сөз соңында осы олқылықтарды бірге ретке келтіруге шақырды.
Жиында Түзел Алагөзова, Жарылқасын Дидай сынды ардагерлер де сөз сөйледі. Аты аталған азаматтар аудан әкімінің жұмысына өз бағаларын беріп, кейбір орын алған кемшіліктерге тоқталды. Мәселен, Қоғамдық кеңестің эксперті Түзел Алагөзова өз сөзінде: «Күрделі жөндеуден өткен мектептердің ескі құрылыс материалдарын бір жерге жинап, оларды аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға бергенде жөн болар еді» – деген ойын айтты. Жиында ұтымды ұсыныстардың бірін Рахманәлі Әбдіқадыров те жеткізді. Кеңес мүшесі әріптестері секілді аудан басшысының жұмысына жоғары баға беріп, кейбір азаматтарды айтар ойларын мәдениетті түрде жеткізуге шақырды. «Атқарылған әрбір іске әділ баға беру – адам тәрбиесінің жоғарылығын аңғартады. Сол себепті де, былтыр жүзеге асырылған істерге өз басым көңілім толады. Бірақ, дәл қазір менің айтар ойымды баршаңыз қолдасаңыздар деймін. Қазіргі қоғамдағы адамдар мейірімділіктен айырылған ба белгісіз, әйтеуір қайырымдылық көрсетуден алшақтап барамыз. Осыған байланысты аудандағы қалтасы қалың азаматтарды мұқтаж жандарға көмек беруге шақырамын. Сондай-ақ, біздің ауданда неге әлі күнге дейін тауарларды төмен бағада саудалайтын әлеуметтік-халықтық дүкен ашылмай тұр?! Осы бағыттағы жұмыстарға мемлекеттің шапағатына бөленіп, әр түрлі көмектерді алып отырған шаруа қожалық басшыларын тарту қажет деп ойлаймын. Тым құрығанда өндіріп отырған тауарының 20 пайызын төмен бағада саудаласын. Бұл әңгіме дүкен сөрелеріндегі қымбат етке де, шетел асып кетіп жатқан астыққа да байланысты. Соңғы ұсынысым – тау тұлғамыздың ескерткіші тұрған аудан орталығына құқық қорғау қызметкері отыратын арнайы орын қажет. Бұл бастама тазалықты сақтауға, қоғамдық тәртіпті бақылауға өз септігін тигізеді» деп бірқатар ұсынысын жеткізді.
Жиынды аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов қорытындылады. Төраға кеңес мүшелері аудан басшысының жұмысын саралай келе, өткен жылы атқарылған жұмыстарға «қанағаттанарлық» деген баға беретінін жеткізді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Поделиться ссылкой: