Балаларымызды қараусыз қалдырмайық

659 Views

2019 жылдың 4 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында уақытша баспанадан өрт шығып, бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыз бала қайғылы жағдайға душар болып еді. Өкінішке орай, дәл осы жағдай биыл 19 ақпанда орын алды. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында өрттен бес бала қаза тауып, мұқым елдің қабырғасын қайыстырды. Жаны таза, жүрегі ақ, кеудесі арманға толы періштелер көкке ұшып кетті.
Жоғарыда аталған екі жағдай да өрт­тің аса қауіпті екенін көрсетіп тұр. Өрт жолындағының бәрін жалмап, тіпті ең қымбатты – адам өмірін де аямайды. Күнделікті тіршілікте: «Сіріңкемен ой­нама», «Отпен ойнау қауіпті», «Өрт – тілсіз жау» және т.б. ұрандарға құла­ғымыз үйреніп кеткен. Алайда өрт талдауы бойынша осы өрттердің шығуына көбінесе балалардың отпен ойыны себеп болады. Бір тал сіріңке шиі жаз бойы тірнектеп, табан еңбекпен жинаған үлкен шөп маясын бір сәтте күлге айналдырады. Осындай өрттердің аяғы көбінесе жақын тұрған үйлерге, қора-қопсыға, тіпті балалардың өзі мен ересек адамдарға қауіпті.
Балаларда үлкендерге тән психо­ло­гиялық қорғаныс реакциясы толық дамымаған. Көпшілігі өрт кезінде аман қалу үшін не істеу керек екендігін біле бермейді. Осы себептерден балалар өрт кезінде көп жағдайда төсек астына, шкаф ішіне, көрпе астына немесе бөлмедегі қуыстарға тығылып, өрттен қашады. Есік ашық болса да, шығуға тырыспайды. Өрт сөндірушілерге де оларды қою түтін жайлаған бөлмелерден табу қиындыққа соғып жатады. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен орта және бастауыш мектеп оқушылары арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, балалардың кінәсінен болған өрт саны кемімей отыр. Әрбір ересек адам олар үшін жауапты екенін естен шығармауы ең маңызды мәселе.
Нұр-Сұлтан мен Жаңатас қала­ларында орын алған қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін өрт қауіпсіздігін сақтауымыз қажет. Естеріңізде болсын, балардың отпен ойнауына қарсы күрес тек тілсіз жауға қарсы күрес қана емес, ол ең алдымен балаларымыздың бақыт пен шаттыққа толы өмірі үшін күрес.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: