Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Осы күні қазақша сөйлегенде, кейбір ана тілінде шүлдірлеп, туған тілінен гөрі өзге тілдің мәртебесін биік көретін бастықсымақтарды бұйым көрмейтін Ким Александра есімді келіншектің ұлты кәріс. Бүгінгі таңда теледидар экраны мен газет-журнал беттерінде өзге ұлттың жігіттеріне күйеуге шыққан қазақ қыздарының саны артқаны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Жетіскеннен емес, күйінгеннен айтып, жазады да. Ал Александраның таңдауы керісінше. Ол қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Жұбайының есімі – Хайрулла Ешниязов.
Олар қазіргі таңда көпбалалы отбасының бірі. Жұбайы Хайрулла ағамыз екеуі 4 ұл, 4 қыз өсіріп отыр. Қайбір жылы біз бұл отбасының құтты шаңырағында болып, қайнылары «Саша» деп атап кеткен Александра жеңгейдің қолынан дәм татқанбыз. Қазақша судай сөйлейді, тегі. Бұның бәрі сол баяғы ене тәрбиесінің жемісі болар.
– Менің ұлтым кәріс болғанымен, жүрегім қазақ. Ең әуелі кұдіреті күшті Аллаһ Тағалама рақмет. Осындай жігерлі, еңбекқор, зайыбын сыйлай білетін жар жолықтырып, көргені мен түйгені көп әулеттің босағасына келін етіп түсіргеніне. Осындай қазақы салт-дәстүрді сақтай білген бірлігі бекем көпбалалы отбасының келіні болдым. Сондықтан әуелі жарыма, яғни үйдің отағасына біздің жағдайымызды жасап, барлығымыздың мерейімізді үстем етіп отырғанына зор алғыс айтсам деймін. Содан соң сізбен әңгімелесіп, өз ойымды бүгежектемей, қазақ тілінде сөз сөйлегенде өзімді суда жүзген балықтай сезініп, еркін көсіліп отырғаным – енемнің маған берген тәрбиесінің жемісі. Кейбір отбасылар бар ғой, орысшаны қыстырып сөйлейтін. Біздің үйде ондай жоқ. Бәріміз тек қазақша сөйлейміз. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деп» Елбасы да айтты емес пе? Құдайға шүкір, біздің заманымыз тыныш. Атыс-шабыс болып жатқан қаншама елдер бар. Мәселен, Таяу Шығысқа қараңыз. Мына Арменияны алыңыз. Көрші қырғызға қараңыз. Бұдан ел экономикасы ешқашан көтерілмейді. Қазақ халқы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп бекер айтпаса керек. Осындай бейбіт заманның себепкері болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, мемлекет тізгінін ұстағалы халықтың әл-ауқаты мен татулығын, бауырластығын бірінші орынға қоятын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор алғысымды білдіремін. Қазақ елінің абыройы асқақтап, мемлекетіміздің беделі арта берсін, – дейді кейіпкеріміз.
М.Диханбай.