Түйткілді мәселелер талқыланды

487 Views

Осы аптаның сәрсенбісінде аймақ басшысының орынбасары Берік Нығмашев ауданға арнайы іс-сапармен келді. Бұл Берік Болатұлының біздің ауданға бір айдың ішінде жасаған екінші іс-сапары. Алғашында аудандағы ветеринария саласындағы барлық ахуалды саралап кеткен аймақ басшысының орынбасары бұл жолы өңірдегі агро саланы алға бастырған шаруалармен кездесіп, бірқатар нысандарды аралады.
Аймақтағы ауылшаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану салаларына жауап беретін аймақ басшысының орынбасары шаруалармен кездеспес бұрын ау­данда жақын күндері ашылғалы тұр­ған әлеуметтік дүкенге бас сұқты. Ондағы ахуалмен жақын танысып, тиісті құжаттарды зерделеп көрді. Аталмыш әлеуметтік дүкен алдағы уа­қытта жекеменшік-әріптестік ая­сында ашылмақ. Яғни, мұнда тікелей кә­сіпкерлер арасында келісімшарт жаса­лынып, күнделікті өмірде тұрғындар көп пайдаланатын 19 тауар түрі ең төменгі бағамен саудаланбақ. Әлеуметтік дүкен ашуға құлық танытқан «Тоғаев С» жеке кәсіпкерлігіне қолдау қорларынан пайызсыз несие де берілмек. Бірақ, бұл жерде де кәсіптің кеңеюіне кедергі келтіретін бір олқылық бар болып шықты. Оны Берік Болатұлына дүкен иесі Гүлбаршын Ергешова мәлімдеді. «Әлеуметтік дүкен ашамыз деген ниетпен жүгіріп жүргенімізге екі ай болды. Бірақ неге екені белгісіз, несие беруші банк өкілдері әр барған сайын құжаттарымыздан бір кілтипан тауып отырады. Бұл несие бермеудің амалы ма, әлде басқа мақсат жасырынып тұр ма, түсінбедік. Шындығын айту керек, олардың тараптарынан жасалған бұл қадам адамның жігері мен құлшынысын төмендетеді екен. Дүкенді біз ертерек ашқымыз келеді. 10 000 000 теңге көлемінде өтінім де беріп қойдық. Бірақ аталмыш қаражат қолымызға әлі тиген жоқ. Осы істі алға жылжытуға өз ықпалыңызды тигізсеңіз» деген өтінішін жеткізді. Аймақ басшысының орынбасары ауданда жедел түрде әлеуметтік дүкен ашылу керектігін айтып, бұл мәселені тікелей өз бақылауына алатынын, осы аптаның соңына дейін мәселенің оң шешімі табылатынына сендірді.
Берік Нығмашев әлеуметтік дү­кен­нің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып болғаннан кейін «Сұлутөр» кинотеатрына барды. Онда жиналған шаруалармен кездесіп, олардың айтқан мәселелеріне құлақ түрді. Аталмыш жиынды ең алдымен өзі ашып: «Құрметті агро сала мамандары! Былтыр, өкінішке орай, карантиндік шектеулерге сәйкес сіздермен кездесе алмадық. Соған қарамастан жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілді. Бүгін біз сіздермен бірге агро саладағы мәселелер жайында сөз қозғаймыз. Жиынға белсенді түрде қатысып, шешімі түйіндеулі тұрған мәселелерді бізге жеткізсеңіздер болады» деп алғашқы сөз кезегін аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспеновке берді. Сала басшысы ауызша қысқаша баяндама жасап, көктемгі егіс жұмыстарының барысын мәлімдеді. Сондай-ақ, бірқатар проблемаларға да тоқталып, өз ойын ашық жеткізді. Әсіресе, аудандағы су тапшылығын сөз етіп, жүн мен теріні кәдеге асыру жұмыстары ақсап тұрғанын айтты.
Аудандық агро сала басшысын жер­гілікті шаруалар да қолдай кетті. Ауданға белгілі агрономдар жер мен судың жетіспейтіндігін, канал­дардың ескіріп, лотоктардың қирап жат­қандығын, осыған жауапты мекеменің жұмысы сын көтермейтінін, жеңілдік арқылы техника алудың машақатын, қымыз бен шұбатқа субсидия берілмейтінін, көрші аудандарға өтіп кеткен жерлерді қайтару сынды мәселелерді көтерді. Тіпті, «Қайқы» шаруа қожалығының басшысы Сәтжан Мамырбаев бүгінгі таңда ең қажетті техникалардың бірі «ESSIL КЗС-750» комбайны шығарылымда жоқ деп шағымданды. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары қордаланған мәселелерді жұмыс дәптеріне түртіп алып, жауапты мамандармен бірге шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Жиын соңында аймақ басшысымен бірге келген кәсіпкерлікті қолдау қорларының өкілдері жергілікті ша­руаларға тиімді бағдарламалар туралы баяндап берді.
Екі жарым сағатқа созылған жиын­нан кейін Берік Нығмашев пилоттық жоба жүзеге асып жатқан Құмарық ауылына барды. Қанатқақты жобаның елді мекендерде жүзеге асу барысымен танысып, жауапты мамандардың, коо­ператив жетекшілерінің баяндамасын тыңдады. Мұнда да түйткілді мәселелер тұрғындар тарапынан көтеріліп, шешу жолдары қарастырылды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: