Апат айтып келмейді сондықтан мамандар кез келген жағдайға дайын болғаны жөн

594 Views

Осыдан 3 жыл бұрын Ақыртөбе мен Өрнек ауылдық округтерінде орын алған төтенше жағдай естеріңізде ме? Аудан халқы бұл жағдайды ұмытпаған болар. Біз Әбжапар елді мекенінде болған су тасқыны кезінде 3 адамның өмірін сақтап қалған Әлібек Әнтаевтың ерлігін қалай ғана ұмытамыз.

Ол жанкештілік танытып, суға батқан «Ауди 80» маркалы автокөлігінің ішінен 3 адамды құтқарып алған жігері мықты азамат қой. Кейін Әлекеңмен тілдесіп, жағдайдың мән-жайын сұрағанымызда:
– Жұмыс кезі. Айналаны бір шолып өтпек ниетпен сыртқа шықтым. Алысқа көз тастасам, жұрттың қарасы көптеп шоғырланған. Жандарына бардым. Сөйтсем шағын ғана көлшікке су толып, көлік суға батып кетіпті. Ішінде адам бар көрінеді. «Көмектесіңдер» деген тұрғындардың жанайқайы жаныма батса керек, дереу тәуекелге бел буып, су кештім. Сонда қолымда терезені шағатын ешқандай құрал-сайман жоқ. Құтқарушылар секілді керзі етік те жоқ аяғымда. Менің бар ойым көлік ішіндегі адамдарда болды. Әупірімдеп жүріп, терезені шақтым. Көліктегі адамдардың екеуі ер кісі, біреуі әйел азаматша еді. Әйтеуір зардап шеккендерді көліктен аман шығарып, алғашқы көмек көрсетілді ғой, – деп аудандық газетке сұхбат берген еді Әлібек Әнтаев орын алған төтенше жағдайды еске алып.
Биыл қыс мезгілі жылы болды. Дегенмен, бұған тоқпейілсіп, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Себебі, апат ешқашан айтып келмейді.
Осыны ескерген аудан әкімінің орынбасары Жандос Ордабаев өткен аптада көктемгі кезеңдегі төтенша жағдайлардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған «Көктем – 2021» оқу-жаттығу жиынына қатысты. Жиын барысында Жандос Илиясбекұлы төтенше жағдай орын алған кезде саптың алдыңғы қатарында жүретін мамандардың әрқайсысымен тілдесіп, кез келген жағдайға әзір болу қажеттігін ескертті.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: