ТӘУЕЛСІЗДІК – тәу етер киеміз

795 Views

Тәуелсіздік ұғымының аясы кең, астары терең. Бұл сөздің мән-мағынасына көз жүгіртер болсақ, сан алуан ойға жетелейтіні хақ. Ең алдымен, тәуелсіздік дегенде жұмыр басты пенденің санасына қайсарлық пен жанкештілік ұғымы қатар келеді. Бұның да өзіндік терең де тұнық сыры бар. Мына шеті мен шегі алпауыт жер шарының үлкен кеңістігін мекендеген қазақ халқының маңдайына біткен тағдырында тауқыметті де көрді, қуанышты да сезінді. Тауқыметі – тарих бедеріндегі жолыққан сан қилы үркіншіліктер. Қуанышы – осы алапат кезеңдерде өз рухының жерге жығылмауы.
Бұл сөзімізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір тұжырымы дәйектей түседі. «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынты-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» – деген екен Тұңғыш Президент Н.Назарбаев. Қазақстан халқы сан ғасырлар бойы бабалар армандаған азаттықты алып, аңсағанына қол жеткізген Тәуелсіздік күнін биыл 30-шы рет қарсы алып отыр. Әрине, тарих үшін бұл тым қысқа, тіпті қас-қағым сәт болып көрінуі де мүмкін. Әйтсе де, осы жылдар ішінде тәуелсіз мемлекет ретінде тындырған істеріміз де аз емес. Өңірге ғана емес, әлемге танылдық. Дүниедегі күллі елдермен байланыс орнатып, тереземіз барша мемлекетпен теңесті. Бұл да сол Тәуелсіздіктің жемісі. Ендеше, егемен ел атанған Қазақстан үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз әрі бұл солай болуы да тиіс.
Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көте­ре­тін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің сан ғасырлық мақсаты орындалды. Елдіктің, мемлекеттіліктің барлық нышандары, белгілері орнықты. Кейбір сарапшылар «тәуелсіздік бізге Алланың берген сыйы», «егемендік оңай уысқа түсті» дегенді айтып жатады. Иә, біз өткен ғасыр соңында Кеңес Одағы аумағында орын алған дағдарыс жағдайында тәуелсіздікке ие болдық. Алайда, оған жету үшін ғасырлар бойы қаншама күрестер жүрді. Сансыз қан төгілді. Елім деп еңіреген әрбір қазақ елдіктің жайын, ел болудың қамын ешқашан ұмытпады. Сондықтан, Тәуелсіздік халқымыз үшін тосыннан пайда бола қалған үлес те, сый да емес. Тәуелсіздік ғасырлар бойы толастамаған айқастың, елім деп еңіреген ерлердің қаны арқылы келген жеңіс. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен келген тарихтан – өз жерін жау табанына бастырмау, ұлын құл, қызын күң етуге жол бер­меу, батырлық ержүректік, жауына қаталдық, досына адалдық, ұлтымыздың жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Дегенмен, әлемнің тоғызыншы территориясын сақтап қалып отыр­ған қазақтың бойындағы қандай күш? Әр кезеңде орын алған қиын-қыс­таудан жол тауып шығуға қанат бітірген қандай құдірет деген сұрақтар туындайды. Ең алдымен, осының бәрі ұлттың асқақ рухының арқасы! Рухы биік халық қиынға қайыспады, ауырға мойымады. Қазақ халқы үшін ежелден «Азаттық», «Бостандық» ұғымдарының маңызы тіптен бөлек. Талай соғыс, зұлмат, нәубет кезеңдер болды. Жүз жылға созылған Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір, Тәуке, Абылай хандардың басшылығымен ат үстінде ұйықтауға мәжбүр болған қазақ батырлары соңғы демі қалғанша жаумен жұлқысты. Халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында да мойымады, болашаққа деген үмітін жоғалтпады. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Бертін келе атасы Абылайдан қалған Ақ туды қолына алған қазақтың соңғы ханы Кенесары халқын бодандық қамытынан құтқару үшін атқа қонды. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен ешуақытта үмітін үзбеді. Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сер­меді. Ондаған жылдар бойы жау қолынан қаза тапқанша рухы асқақ есіл ер арыстандай арпалысты. «Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айрылады» дейді дана халқымыз. Өткен ғасыр басында Ресейдің бо­дауына түсіп, санасы сарсылған, ерік-жігері жаншылған қазақ халқын дербес ел етуге ұмтылған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары басын бәйгеге тікті. Қазақтың басын біріктіріп, ерікті ел болуын көксеп, бойларындағы бар қасиетін, ақыл-ойын, өнер-білімін, жігер-қайратын, бүкіл саналы өмірін қазақ халқы мен Алашқа арнаған халқымыздың нар тұлғалары ақтық демі қалғанша тәуелсіздік үшін күресті. Өздерінің жандарын ұлы күресте құрбан қылып, бүгінгі егемен елдің негізін қалауға өз үлестерін қосты. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей тұтатып кетті.
Биыл ел Тәуелсіздігінің бекігеніне 30 жыл толатыны белгілі. Міне, осы бір ширек ғасырдан астам уақытта еліміз елдіктің белгісін, бірліктің өрісін танытты. Алқалаған халқымыз береке мен ынтымақтың озық үлгісін паш етті. Қаншама жетістіктер мен жағымды жаңалықтардың куәсі де болдық. Бұның бәрі осы қаймағы бұзылмаған бірлік пен қанында қайсарлық бар қайраткерліктің арқасында. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жі­гердің отымен келген ұлы күн. Ен­деше, сол маздаған отымыздың жалы­нын өшірмеуге тырысайық, ағайын!

Қожайхан БИЖАНОВ,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: